
2017 жылдың 22 мамыр күні сағат 19.00 шамасында Қызылорда қаласы, Арай мөлтек ауданында жедел іс-шаралар барысында Қызылорда ОІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі затын заңсыз сатқан, тұрақты жұмыс орны жоқ 1964 жылы туылған азаматшаны ұстады.
Ұсталған азаматшаға жеке тінту жүргізу барысында қалтасынан 2 дана газетке оралған жасыл түсті ерекше иісі бар шөпке ұқсас зат анықталып, алынды. Алынған заттарға сараптама тағайындалып, қорытындысы бойынша салмағы 4,26 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» екені анықталды.
Қазіргі таңда, ұсталған азаматша Уақытша ұстау изоляторында қамауда. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Егер де, азаматшаның кінәсі дәлелденген жағдайда, аталған бап бойынша мүлкі тәркілене отырып 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.