Саумал бақтың саф ауасын сіміріп...

Саумал бақтың саф ауасын сіміріп...Екінші күні форумға қатысушылар Арал теңізінің қазақстандық бөлігін тікұшақпен аралады. Онда Сырдария сағасынан бастап Солтүстік Арал акваториясы аралығындағы қайта салынған және жөнделген гидротехникалық құрылғыларды, Көкарал бөгетін яғни қалаға жақындаған – Кіші Арал теңізін әуеден бақылады.
Жалпы Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу жөніндегі жоба «ғасыр жобасы» деп танылды. САРАТС жобасының бірінші кезеңі теңізді Арал қаласына жақындатуға мүмкіндік берді. Жобаның екінші кезеңі солтүстік Арал суының деңгейін көтеруге және Сырдария бойындағы көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бүгінде кіші Аралда 25 миллиард текше метр су бар. Белгілі межеден асқан су әрі қарай үлкен Аралға кетеді. Көкарал бөгетін салған кезде қажетті су көлемі 7-8 жылда жиналады деген жоспар болған. Бірақ ол су небәрі екі жылда жиналды. Осыдан кейін кіші Аралдың суын Арал қаласына дейін жеткізу жөнінде жоба жасалды. Кіші Аралға тек Сырдария өзені құяды. Арал теңізінің маңындағы көлдерге де 3 миллиард текше метрдей су қажет. Қалпына келтірілген ол көлдерде қазір балық өсіріледі. Кіші Аралды толтыру үшін Сырдарияның арнасы кеңейді. Кейбір айналма тұстары да түзетілді. Бірақ ең бастысы Көкарал бөгеті Аралға жан бітірді.
Арал теңізінің бүгінгі келбетіне көз тойдырған қонақтар Қызылорда қаласының «Жасыл белдеуі» атанып кеткен «Көксу» қосалқы шаруашылығында болды. Ботаникалық баққа айналған мұнда 150 мыңға жуық қылқанды, мәуелі, жапырақты және декоративті ағаш түрлері мен бұталар өседі. Шаруашылық иесі – Рая Үдербаева меймандарға атқарылып жатқан жұмыстары мен бүгінгі жетістіктерімен таныстырды.
Көк желекке оранған бақты аралап көрген форум қонақтары Сырдың сор топырағына түрлі өсімдікті бейімдеген жеке кәсіпкердің ісіне ризашылықтарын білдірді. Шөлейт жерді көгалдандыру аймақ экологиясын жақсартуға оң ықпалын тиігізетіндігін баса айтты.
Қырғызстаннан келген делегат, Нарын қаласының депутаты Ұлан Жанбаев, «Көксудан» алған әсерімен бөлісті.
- Сырдария өзені Нарыннан бастау алады. Үш мемлекетті көктей өтетін Сырдарияның бойында орналасқан талай бау-бақшаны көрдім. Бірақ «Көксудай» бақты алғаш рет көріп отырмын. Және оны Қызылордадан көргеніме қуаныштымын. Өйткені құмды жерде экзотикалық өсімдіктерді өсіру, 18 гектар жерге егілген тал-дарақтарға күтім жасау, тамшылатып суару үлкен жауапкершілікті, шыдамды қажет етеді, - деді Ұ.Жанбаев.
Көксу қосалқы шаруа қожалығы қарағай, арша, шырша, емен сияқты аймақтың табиғатына икемделмеген ағаш түрлерін өсіру үшін тәжірибелік аймақ болып табылады. Және облыстағы шөлейт жерлерді көгалдандыру мен аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізбек. Бақта зиянды өндірістерден жеңіл жұмысқа ауыстырылған, еңбек демалысына жіберілген адамдар мен зейнеткерлер жұмыс істейді. Олар жергілікті климат жағдайына бейімделген жаңа ағаш түрлерін өсіру мақсатында селекциялық жұмыстарды да атқарады. Осы ұжымның ерен еңбегінің арқасында әсем әрі ауқымды бақ бой түзеген. Шаруашылық иесі еңбек етсең Сыр топырағына барлық ағаш түрлерін бейімдеуге болатындығын айтты. «Бұл бақты салуға, тал-теректерді егуге ауылшаруашылық мамандары емес, құрылысшы-монтажшы азаматтар еңбектенді», - дейді бақ иесі Р.Үдербаева.
Шаруашылықтың өз жылыжайы да бар. Жылыжайда не өсіп тұр деңіз? Мандарин! Таң қаласың. Қызылордалық шаруалар экзотикалық өнім саналатын мандаринді өсіріп, өнімін алып отыр.
Бүгінгі таңда аймақта мұнан өзге осы тәрізді шаруашылық жоқ. Жеке кәсіпкер Алматының апорт алмасын да өңірге бейімдеп, былтыр жемісінен дәм татты. Саумал бақтың саф ауасын сіміріп, разылығын білдірген меймандар келесі нысан көркемсурет галереясына аттанды.
Әлемнің бар кереметін қылқаламмен бейнелейтін суретшілердің туындысын тамашалауға келген форум қонақтары «Көркемсурет галереясында» Арал теңізінің бүгіні мен кешегісіне зер салды. Тарихынан сыр тартып, тамырына үңілді. Галереядағы үш залдың екеуінде жерлестеріміздің қолынан шыққан картиналар ілініпті. Ал, үшінші залда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақтаулы тұрған және суретшілер симпозиумында салынған суреттер орналастырылыпты. Аралға қатысты картиналарға әуестікпен қараған қонақтардың бірі өзбекстандық делегат Новицкий Зиновий таңданысын жасырмады. «Тулаған талай теңіздің суретін көрдім. Мұнда Арал теңізінің суретін емес бейнесін көргендей болдым», - дейді делегат. Сыйлы қонақтар картиналардан бөлек суретшілердің шеберханаларымен де таныс болды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 31 мамыр 2017 г. 586 0