
Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Сейіл Ботакөздің хабарлауынша, Жаңақорған аудандық прокуратурасымен халықтың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету барысында заңдылықтың сақталуы талданып, нәтижесімен заңсыздықтарға жол берілгендігі анықталды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларының» 9-тармағына сәйкес, алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.
Жаңақорған аудандық мәслихатының шешімдерімен (2013-2016 жылдар аралығында қабылданған) «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау» Қағидалары бекітілген.
Қағидаға сәйкес, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай саяси қуғын-сүргін құрбандарына, мүгедек болып қалған немесе зейнеткер болып табылатын саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Жаңақорған ауданы бойынша барлығы 9 саяси құғын-күргін құрбандары бар. Олардың 7-не соңғы 2 жыл бойы тиесілі көмек көрсетілмеген.
Жаңақорған аудандық прокуратурасының қадағалау актісі негізінде 31 Мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, аталған азаматтарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіліп, құқықтары қорғалды.