
Сәуір айының 09 күні таңертеңгілік сағат 09.30 шамасында белгісіз біреу ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде жасырын жымқыру мақсатында Шиелі кентіндегі базарлардың бірінде орналасқан «Ақжан» әшекей бұйымдарын сататын дүкеніне кіріп, осы дүкеннен әр түрлі үлгідегі алтын алқаларын жасырын жымқырып ұрлап кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Нәтижесінде, дүкен егесіне жалпы құны 3 455 000 теңге мүліктік шығын келтірілген. Полиция қызметкерлерінің жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысты жасады деген күдікпен Ақжарма ауылының 1982 жылы туылған тұрғыны ұсталып, Шиелі АІІб-нің Уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Күдікті барлық алтын бұйымдарды сатып жіберіп, түскен ақшаға автокөлік сатып алғандығы анықталды.
Қазіргі таңда аталған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталу үстінде.