
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов айтты.
Оқушылардың жазғы демалысын қызықты ұйымдастыру және «ЭКСПО» көрмесі туралы дүниетанымын кеңейту мақсатында 2969 қызылордалық оқушылар «Экспо-2017» көрмесін тамашалауға барады.
Сондай-ақ баспасөз конференцияда «Нұрлы болашақ» бүкіл қазақстандық акциясының аясында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтуге арналған шаралар туралы айтылды.
1 маусым күні Халықаралық балаларды қорғау күні балалар мен жастардың орындаушылық шығармашылығын қолдау мақсатында балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өткізіледі. Балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі облыс орталығы «Достық» үйінен бастау алып, арбат арқылы, орталық алаңда жалғасатын болады.
Қызылорда қаласы және барлық ауданның орталығында, қалалық паркте, сонымен қатар, қалалық тарихи өлкетану музейі, студенттер сарайы, облыстық филармония залында балаларға арналған шығармашылық іс – шаралар өткізіледі.
Бағдат Камбузұлы «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күндік» Ұлттық Ақпараттық Науқанының аймақта өткізілуі туралы да баяндады. Оның айтуынша, науқан кезінде бала еңбегін ең нашар түрлерін алдын алу үшін ақпараттық –түсіндірме жұмыстары, тексеру рейдтері, барлық білім беру ұйымдарында балалар еңбегінің ең нашар түрлері туралы сабақтар, құқықтық сағаттар, дәрістер, тренингтер, әр түрлі сайыстар өтеді.
Бала еңбегін қанаудың алдын-алу үшін білім басқармасының 60-54-58 номерлі сенім телефоны жұмыс жасайды. Балалардың жазғы демалысы қала, аудан сыртындағы тоғыз лагерьде ұйымдастырылады. Биылғы маусымда аталған лагерьлерге - 8742 бала, облыстан тыс аймақтарда орналасқан лагерьлерде мұнай компанияларының қолдауымен (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасының балалары) демеушілер арқылы тегін демалдыру үшін - 13210 бала қамтылады.