
Жылдағы дәстүр бойынша мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30, 40 жыл болған мектеп бітіруші түлектер өздерінің туып өскен жерлеріне келіп, білім ордаларына ат басын бұрып, ауылдарына естелік сыйлық табыстайды. Бұл үрдіс көбіне-көп білім ордасына материалдық көмек көрсетумен шектеліп жатады. Ал, биыл Шаған ауылында алтын ұя мектепті осыдан 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектер айтулы істі қолға алды. Олар ауылға мешіт салуға ниеттеніпті.
Бұл жаңалықты ауылдық округ әкімі Ғабит Ошақбаевтан естідік. Айтуынша, 1980 жылы туған ауылдың перзенттері ауыл халқының ұйғарымы бойынша өзара келісіп, жамағатқа арнап құлшылық орнын салу туралы шешім қабылдапты. Туған жерді түлетуді мақсат еткен елжанды азаматтар бұл көзқарастарын жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жеткізген. Билік тарапынан игі іс қолдау тауып, керекті құжаттар тез арада рәсімделген. Осылайша, соңғы қоңырау салтанатынан соң құрылыс жұмыстары басталды. Нысанның қазығы қағылып, ауыл ақсақалдарының, халық қалаулыларының қатысуы¬мен мешіттің іргетасы қаланды. Сонымен бірге, 20 жылдық түлек¬тер өмірден ерте озған сыныптас-достарының рухына арнап ас берді.
– Шаған ауылы күн санап дамып келеді. Елді мекендегі әлеуметтік нысандардың барлығы халық игілігіне жұмыс жасауда. Мектеп те, балабақша да жаңа. Ал, қазіргі қолданыстағы мешіт құлшылық жасауға лайықтандырылған тұрғын үй еді. Соның негізінде нысан қыста суық, жазда ыстық болатын. Бұйырса ағымдағы жылы жаңа мешіт есігін айқара ашпақ. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі тарапынан барлық көмектер көрсетілді. Барлық ауыл халқының атынан жақсы жұмысқа бастамашы болған жергілікті кәсіпкерлерге және түлектерге алғыс айтамын,- дейді ауыл әкімі.
Иә, бірлігі бекем, ынтымағы ырысты елдің елжанды азаматтары әрқашан ұлықты істерге ұйысады. Бұл халқымыздың салт-санасына сай келетін амал. Бұл ретте, мешіт салуға жәрдемдескен жанға сансыз сауаптар жазылатыны тағы бар. Құрылыс жұмыстарына «Шаған-Жер» ЖШС тарапынан да көмектер көрсетілмек. Шағандықтардың ілкімді ісі өзгелерге үлгі-өнеге санаймыз.