
27 маусымда елордадағы «Астана Арена» стадионында «I’m singer» жобасының жүлдегері, жас танымал әнші Димаш Құдайбергеновтің жеке концерті өтеді. Қазір әлемді мойындатқан талант «Хунань ТВ» телеарнасының студиясында жаңа әндерін жазып жатыр. Бірақ оның қандай әндер екені әзірге құпия. Алайда тыңдармандар бұл жаңа әуендерді Димаштың жеке концертінде тыңдай алады. Бұл туралы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қоғамдық кеңес алдында ведомствоның 2016 жылы атқарған жұмысы туралы есеп берді. Жиында министр «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде өтетін Димаш Құдайбергеновтің концертіне 15 мың билеттің бірден сатылып кеткенін айта келе, жас таланттың жаңа әндер жазып жатқанын жеткізді.
«Димаш Құдайберген қазақтың керемет әндерін жазып жатыр. Мырзатай аға (Жолдасбеков –автор) «ол неге Қытайдан шықпайды?» дейді. Мұны Айман Қожабекқызы екеуміз білеміз. Сол жерде (Қытайда – автор) үлкен студия бар. Әндерді конкурсқа («I’m singer» - автор) дайындалғанда жазған. Сол бүкіл жаңа әндердің бәрін аталған студияда жазып жатыр», - деді министр.
Шарадан кейін біз Димаштың қандай әндер жазып жатқанын Айман Мұсақожаевадан сұрап көрдік.
«Ол әндерді Димаш өзі таңдап алған. Ол «Хунань TV» телеарнасының студиясымен келісіп, жаңа әндерін жазып жатыр. Бірақ оның қандай әндер екенін және кім жазғандығын әзірше айтпаймыз. Оның жаңа әндерін тек концертінде тыңдай аласыздар», - деді ол.
Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры әлемді мойындатқан жас әншіге өз репертуарын жаңарту маңызды екендігіне тоқталды.
«Біріншіден, ол өзіне ұнаған әндерді жазып жатыр. Екіншіден, репертуарын жаңартуда. Себебі, оған жаңа репертуар қажет. Ол Лара Фабиан және өзге де атақты әншілермен бірге өнер көрсетеді ғой. Сондай-ақ, оған шығармашылық жағынан шыңдалу үшін жаңа репертуар қажет», - деді танымал қазақстандық музыкант.
Сөз соңында Айман Мұсақожаева Димаштың Астанадағы жеке концертіне «I’m singer» жобасына қатысқан әншілердің де қатысуы мүмкін екенін айтып қалды.
«Әрине, олар келуі мүмкін. Бірақ бұл әлі белгісіз. Себебі, барлық келіссөздерді Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақконцерт» ұйымы жүргізеді», - деді ректор.