
Қызылордада салық органдары 207 тыл ардагерінен жарты миллион теңгедей қаржыны негізсіз алған,деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Сондай-ақ 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат та жер, мүлік, көлік салығын артығымен төлеп келген. Олқылықтың басты себебі - салық төлеушілердің өз құқықтарын білмеуі. Сондықтан прокуратура өкілдері облыс орталығындағы «Қазпоштаның» 180 бөлімшесіне жеңілдіктер туралы ақпарат іліп шықты. Зейнетақысынан жырып артық төлем жасаған жанның бірі - Василий Мищенко. 88 жастағы қарт майдангер соғыс жылдарында шаруашылық көліктерін жүргізген. Тыл ардагері шығын орнын толтырып, заңның үстемдік құрғанына қуанады.
«Мен ұдайы жер салығын төлеп тұрамын. Артық ақша беріп жүргенімді тіпті сезбеппін. Қадағалаушы органның біз сияқты қарт-мүгедектердің мүддесін қорғағаны үшін қуаныштымын. Заңмен бекітілген жеңілдіктер бар екенін енді біліп жатырмын»,- дейді тыл ардагері.
Қала прокуроры Мұрат Досмағанбетовтің айтуынша, прокуратураның ықпал ету шарасының нәтижесінде 800 мың теңгеден астам алынған салық кері қайтарылып беріліп, олардың құқықтары қорғалды. Жұмысшылардың да конституциялық құқықтарының сақталуы прокуратура назарында. Өткен жылдың өзінде 4 мың жұмысшының 730 млн теңге жалақысы, ал ағымдағы жылы 700-ден аса жұмысшының 110 млн теңге жалақысы өндіріліп беріліп, құқықтары қорғалды.