Атамекен бүгіні де, болашағы да біліммен қатар тəрбиені дəріптеген ұрпақ қолында. Бүгінгінің жастары білімді болуы мүмкін, техниканың құлағында ойнауының да қисыны бар, əлеуметтік жағдайдың жақсаруының да қыр - сырын жетік меңгеріп алуы ғажап емес. Алайда өскелең ұрпақ бойында аталған қасиеттермен қатар рухани байлық туралы түсінік болмаса, олардан елге де, жұртқа да, ертеңгі күні ауыз толтырып айтар пайда келмесі анық. Өзге емес, ұрпағы айтады бұл жайында. Көзіміздің нұры, келешегіміздің кепілі болатын жастарымызға үйде ата-анасы, көшеде мемлекеті үлкен жауапкершілікпен қолға алып ие болмаса, әлемді жайлап бара жатқан рухани дағдарыстан аман шығу қиынның қиыны.
"Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы да солай жүредi". Ел дамуында өз үлесін қосып, мемлекет абыройын асқақтатар ел ағасы тынбай еңбек еткенде, біз жастар алдыңғы аға буынға қарап ой түзеп, болашақтың шыңына шығуға кең қанат жаюға тырысамыз. Алдымызға темірдей мақсат, жүйелі жоспар қоямыз. Дегенмен, осындай үлгі тұтқан аға-апаларымыздың "сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар" деген сөзді естігенде, сол жайған қанаттарым сынғандай күй кешемін. Сондағы бар ойлағаным: мен осыдан кейін өзіме үлгі тұтар адам таба аламын ба? Өзіндік пікірі қалыптасқан жастардың бірі ретінде, мемлекеттік қызметкерлердің мұндай əрекетін сағымға теңедім. Неге десеңіз, көрер көзге ғажайып дүние саналатын сағым, шын мəнісінде жəй ғана алдамшы құбылыс болып шығады. Айта кететін жайт, бүгінгі күнде балабақшадағы бүлдіршіннен, көпті көрген қарияға дейін "жемқорлық атаулысы қазақтың қанына сіңіп кеткен" деген секілді пікір айтып жатқанда, менің бойымда өзіме деген сенімсіздік ала шабады. Мен де болашағым жарқын болу үшін осындай дерттің құрбаны болуым керек пе? Қаншама еңбек еткенше расында осындай əрекетке барсам болады ма сонда? Міне, мұндай сұрақтар қазіргі қоғамда екінің бірінде туып жатыр. Бірақ мен мұндай індеттің құрбанына айналғым келмейді, сондықтан да ЖОҚ деймін! Сыбайлас жемқорлық бетін сылып тастайтын сыртқы жара емес, керісінше елдің тыныс-тіршілігін тарылтып толыққанды өркениетті халық болуына кедергі болатын ең ірі фактор. Сол себепті Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арналған жыл сайынғы Жолдаулары мен әрбір баяндамаларында аталмыш өзекті мәселені басымды бағыттың бірі ретінде енгізіп, күн тәртібінен түсірген емес. Елбасының "Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз” деген сөздері, жүрегі елім деп соққан әрбір адамзаттың санасына үлкен ой салуы тиіс. Сол секілді менің де кішкене жүрегімнен еліме деген алаңдаушылықтың басымдығын қолымдағы қалам арқылы жеткізгім келді. Әрине, менің ойым саясаттан еш хабары жоқ мектеп оқушысының пікірі ғана болып қалуы мүмкін. Дегенмен, әне-міне дегенше мен де алтын ұя мектебімнен түлеп ұшып, жаңа өмірге аяқ басқалы отырмын. Сондықтан қазіргі қоғам қателігі де, жетістігі де менің болашағымның шынайы келбеті.
Ойымды қорытындылай келе айтарым, жемқорлық дертін бар ететін де, жоқ ететін де өзіміз. "Еңбектің наны тəтті" дегендей, өз еңбегіңмен келген жетістікке, жеңіске, табысқа не жетсін! Беріліп жасаған жұмысыңның ғана қадірін білесің, рахатын сезінесің! Үлкен қызметтегі аға-апаларымыз Сіздерді еліміздегі барлық жастардың ұстазы ретінде көремін. Ал ұстаз тек ұлы іске үйретеді. Сіздерден тек ізгі қасиет, адамгершілік сипатты сіңірсек елімізді танымайтын жұртшылық қалмасына кəміл сенімдімін. Тамыры тереңге жайыла бастаған «Сыбайлас жемқорлықты» ел ағалары Сіздер мен бүгінгі күннің жастары біздер болып түбегейлі жеңе отырып, жарқын, әрі әділ болашақта өмір сүреміз деген үмітімнің жалыны сөнбесе екен деймін.
Айгерім Божан,
№4 облыстық дарынды балаларға
арналған мектеп-интернатының
11«А» сынып оқушысы.