
Жанакорған ауданының прокуроры Нұрболат Дүйсенбаевтың хабарлауынша, ағымдағы жылдың алғашқы күнінен қадағалау қызметі халықтың пайдасына, мұң-мұқтажы мен игілігіне бағытталды.
Ауданда жылдар бойы қалыптасқан проблемалар мен түбегейлі шешімін таппаған мәселелерге аса көңіл бөлінді.
Соның бірі, «Қырым-Конго қанды безгегі» және «Сарып» немесе «Бруцеллез» ауруларының кеңінен таралу мүмкіндігі назарға алынды.
Бұл аурулардың зардабы мүгедектікпен қатар, адам өліміне әкеп соғуы мүмкін.
2016 жылы облыс көлемінде тіркелген сарып аурулары бойынша Жаңақорған ауданы бірінші орында болған.
Қалыптасқан жағдайды жақсарту және аудан тұрғындарының өмірі мен денсаулықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп «Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу жобасы» әзірленіп, жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні залалсыздандыру жұмыстарының шынайылығы ерекше бақылауға алынып, қауіпті топтағы адамдар толық есепке алынды.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында жұмысшы топ құрылып, апта сайын ұйымдарда кездесулер жүргізіліп, кеңсе ғимараттарында прокуратураның байланыс құралдары жөнінде ақпараттар ілінген.
Осындай шаралардың нәтижесінде 120 жұмысшының 14 млн. теңге айлық жалақылары төленіп, конституциялық құқықтары қорғалды.
Мысалы, «Түгіскен ТШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 57 жұмысшыға 2016 жылдың қыркүйек, қазан айларына 4,5 млн. теңге жалақыдан қарыз болған. Прокуратураның араласуынан кейін жұмысшылардың жалақысы толығымен төленіп, жұмыс беруші әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Мүгедектердің құқықтарының сақталу жағдайы да зерделеніп, нәтижесінде аудан әкімдігімен мүгедектер үшін жұмыс орындарына квотаны айқындау барысында ең төменгі пайызы белгіленіп, олардың жұмысқа орналасу құқықтарының шектелуіне жол берілгені анықталды.
Қадағалау актісі негізінде тиісті нормативтік құқықтық акті қабылданып, заңмен белгіленген тәртіпте мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота айқындалды.
Міндетті медициналық қарап тексеру заңдылығы зерделеніп, нәтижесінде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне негізсіз талаптар қойылып, ақылы қызмет көрсету арқылы 2 млн. теңгеге жуық қаржы заңсыз алынғаны белгілі болды. Прокуратураның араласуынан кейін қаржылар қайтарылды.
Диспансерлік есептегі созылмалы ауру түрлерімен ауыратын 12 науқасқа ай сайын берілуі тиіс дәрілік заттар соңғы 3 айда берілмей, 545 адам скринингтік тексеруден өтпегені анықталып, қолданылған шаралардың негізінде науқастарға дәрілер таратылып, тиісті тексерулерден өтті.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалында орналасқан прокурор кабинетінде жеке кәсіпкер А.Калжанов қабылдауда болып, жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актісін алуына ықпалдасу жөнінде арызданып, қарау нәтижесімен жергілікті атқарушы органмен заңсыздыққа жол берілгені анықталды.
Нақтыласақ, Жаңақорған аудандық жер қатынастары бөлімі 2014 жылы Жаңақорған кенті «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының бойынан объекті құрылысын салу үшін жалпы көлемі 0,50 гектар жер учаскесін сатуға аукцион өткізіп, нәтижесімен жеке кәсіпкер А.Калжанов жеңімпаз болып танылған.
Осыдан кейін, Жаңақорған аудандық жер қатынастары бөлімі мен кәсіпкер арасында жерді алуға келісім шарт жасалып, осыдан кейін кәсіпкер 700 532 теңге жер құнын толығымен төлеген.
Алайда, арызды қарау барысында кәсіпкерлік мақсатта объекті салу үшін көздеген жер учаскесіне 2 жылдан астам уақыт бойы жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актісі алынбағаны анықталды.
Бұл жағдайдың созбалаңға салынуына жергілікті атқарушы органмен Жер кодексінің 48-бабының талабына сәйкес, жер учаскесінің шекарасының айқындалмауы себеп болған.
Орын алған заңсыздықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесінде кәсіпкердің құқығы қорғалып, жерге жеке меншік құқығы табысталды.
Аудандық прокуратураның бастамасымен әлеуметтік желілердегі дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттайтын 3 парақшалар бұғатталды.
Мемлекеттік бюджетке 9,4 млн. теңге өндірілді.
Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін 4 тұлға жауаптылыққа тартылды.
Өңірімізде ағымдағы жылы тіркелген қылмыстардың 55% меншікке қарсы жасалған.
Ұрлық қылмыстарының 43% мал ұрлықтары. Бұл санаттағы қылмыстардың орын алу жағдайы талданып, жәбірленушілердің 90% малдарын падаға қоспай, қараусыз қалдырғандар екені белгілі болды.
Сауда орындары мен шаруа қожалық иелеріне және тұрғындарға түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізіліп, ұрлықтың алдын алу шаралары жөнінде арнайы парақшалар таратылды.
Ағымдағы жылы пробация қызметінің есебіндегі 6 сотталған жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, оның 4 жұмысқа орналастырылса, біздің үйлестіруімізбен есепке қойылған 20 борышкердің 5-і жұмыспен қамтылды.
Алиментті уақытылы алмаған 40 кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалып, 6 қаскөй борышкерлер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.