Бүгін Қармақшы ауданының кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы № 250 мектеп-лицей базасында мектеп бітіруші түлектердің «Сәт сапар, саған, Жас түлек!» атты салтанатты шара өтті. Атаулы мектепте өткен шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін аудан әкімі Мақашов Сұлтан Ысқақұлы оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.
- Мемлекет Сіздердің ең үздік білім мен тәлім алуларыңыз үшін барлық жағдайды жасауда. Әрқашан осыны ұмытпай, білім алып, ел игілігіне еңбек етуге тырысыңыздар.Бүгінде экономикамыз көтеріліп, мемлекетіміз өсіп-өркендеуде. Мұның өзі - Сіздердің ата-аналарыңыздың, бүгінгі қажыры мен қайратының, еселі еңбегінің арқасында келген дүние. Ендігі жерде, оның баянды жалғасы Сіздердің болашақ білімдеріңіз бен еңбектеріңіздің жемісіне байланысты. Өмірден өз жолдарыңды тауып, «Сен де бір кірпіш – дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан» деп, Абай аталарың айтқандай терең білім алу жолында жалықпай, талмай, ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызды тілеймін! – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары мектеп-басышылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге ақ тілегін жолдады. Жиын соңында түлектер ұстаздарына жүрекжарды өлеңдерін арнап, әсем әндерін жолдап, гүл шоқтарын табыстады.