Қызылордалық жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қази Соңғыбайұлы Данабаевтың қайтыс болуының 10 жылдығына орай облыс орталығынан көше беріліп, ескерткіш тақта ашылады.
Жазушыны еске алу шарасы осы жылдың 25-26 мамырына белгіленген. 25 мамырда Қызылордада сағат 17.00-де Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетіне қарасты «Студенттер сарайы» ғимаратында шығармашылық кеш өтеді. Оған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, әдебиет сыншысы Құлбек Еркөбек, жырау Алмас Алматов, әнші Елена Әбдіхалықова, Елмұра Жаңабергенова, жазушы Қуаныш Жиенбаев секілді әдебиеттегі әріптестері қатысады деп жоспарланып отыр.
26 мамырда сағат 16.00-де «Болашақ» университетінің бас ғимаратында да шығармашылық кеш өткізіліп, журналистің қайраткерлік қыры, қазақ әдебиетіне қосқан жазушылық үлесі, азаматтық болмысы айшықтала түседі.
Қази Данабаевтің «Шоңтөбе. Шотай. Балдаурен» повесі 1988 жылы республикалық «Жалын» журналы жариялаған жабық бәйгесінде жүлде алған. «Сағыныш екен бала кез», «Нартұлға», «Достарым менің достарым» секілді т.б кітаптары әр кезеңдерде жарық көрді. Қази Соңғыбайұлының шығармашылығынан «Ұлан» газетіне, «Ақ желкен» журналына үзік-үзік жарияланған әңгімелер жинағы қазақ балалар әдебиетінің салмағын қомақтай түсті. Ақын Фариза Оңғарсыновамен, Хасен Оралтаймен болған шығармашылық байланысы жазушының прозадағы тінін күшейтті.
Қази Данабаев публицистика жанрында экономикалық тақырыпта жергілікті мұнайшылардың жағдайын, әлеуметтік салада мұғалімдердің мұқтажын, дәрігерлер дабылын, экологияның дерт пен дауасын діндеп жазды. Сол мақалалары республикалық «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Алтын Орда», «Заман-Қазақстан» газеттері арқылы жарық көрді. Қоғамға қозғау салып, мәселен, Қызылорда облысы тұрғындарына экологиялық үстеме қаржының сақталып қалуына тікелей себепші болды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі