
Арабтар Қазақстанның тоқтысын 80 мың теңгеге сатып алып жатыр. Қос мемлекет бiр-бiрiнен алыста орналасқандықтан тiрi қойлар былтырдан берi ұшақпен тасымалдануда. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Қазақстан-Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi бизнес форумының кулуарында берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Бизнес форумда екi мәселе қарастырылып жатыр. Бiрiншiден, арабтар елiмiздiң тамақ өнеркәсiбiне және ауыл шаруашылығы өнiмдерiне қызығушылық танытып отыр. Олар қауiпсiз болғандықтан қой етi, сиыр етi, бидай, жасымық деген өнiмдерге үлкен қызығушылық танытуда. Бүгiн осы мәселелер бойынша екi жақты кездесулер өткзiледi. Екiншiден, Қазақстанға инвестицияларды тарту мәселесi қаралып жатыр. Арабтар Қазақстанда тамақ өндiрiсiн ашып, Қытайға сол өнiмдерiмен шығуды көздейдi», - дедi Нұржан Әлтаев.
Оның айтуынша, қос мемлекет бiр-бiрiнен алыста орналасқандықтан логистика жағы да бүгiн қарастырылады. Қазiр елiмiзден Әмiрлiктерге өнiмдер жеткiзiлiп жатыр. Өткен жылы Қазақстан кәсiпкерлерi БАӘ-ге қой тасымалдауды бастаған болатын. Әмiрлiктерге тiрi қойлар ұшақпен жеткiзiлiп жатыр. Дубайда бiр тоқтының бағасы 250 доллар, теңгеге шаққанда 80 мың теңге тұрады.
«Бүгiнгi форумға Әмiрлiктерден 70 iрi бизнесмен, ал Қазақстан тарапынан 500 астам кәсiпкер қатысуда. Қазiр екi мемлекеттiң бiрлескен 30-ға жуық кәсiпорны бар, тартылатын инвестиция көлемi де аз, соларды барынша ұлғайту керек. БАӘ бiздiң мемлекетке инвестиция құйғысы келедi, себебi Қазақстанның жанында - Қытай, Ресей сияқты үлкен нарықтар бар. Сондықтан, олар елiмiзге қаржы инвестициялап, өндiрiс ашып, көршiлес нарықтарға шығаруды көздеп отыр», - дедi Әлтаев. Сондай-ақ, бизнес форумда екi ел арасында халал өнiм өндiрiсiн дамыту көзделiп отыр. Болашақта, Әмiрлiктерге қойдан өзге, түйе мен түйе сүтiн, сондай-ақ, ұн тасымалдау көзделiп отыр.
Атап өтсек, бүгiн Қазақстан мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнiң бизнес кеңесi құрылып, сәйкес құжатқа қол қойылды.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың қаңтарында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне iссапармен барған болатын. БАӘ-де бизнес форум өтiп, оның нәтижесiнде араб бизнесмендерi Қазақстанға қызығушылық танытқан. Бүгiнгi бизнес форумға екi елдiң бизнесмендерi жиналып, бiрқатар келiсiм бекiтудi көздеп отыр.