
Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Беларусь, Қазақстан және Румыниядан келген 150-ден астам мотоциклші Байқоңырдағы слетке қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, «Байқоңыр» мотоклубы және қалалық мәдениет, жастар саясаты, туризм және спорт басқармасының бұл - кең ауқымдағы үшінші кездесу. Мақсат - мототуризмді дамыту және Байқоңырдың туристік мүмкіндігін насихаттау, сондай-ақ әр елдегі мотоқұмар жандармен кездесу.
«Жұлдызға жол» мотослетінің ұйымдастырушылары мен қонақтар үш тәулікті далалық жағдайда өткізді. Олар жұлдыздар жарқырай көрініп тұрған аспан астында шатырларда түнеді, от жағып, ас әзірледі, гитарамен қосылып ән айтты. Кеше, сенбіде 57 мотоцикден құралған колонна Байқоңыр ғарыш айлағы тарихы музейін, өзге де көрнекі жерлерді көру үшін қалаға кірді. Кешкі бағдарламаға сәйкес қонақтарға арнап Байқоңырдың музыкалық ұжымдары - «Ренессанс», «Mix», «Байқоңыр» кантри» топтары концерт қойды.