Рамазанның рәуіш бейнесі

Рамазанның рәуіш бейнесіКүллі мұсылман асыға күтетін айлардың сұлтаны Рамазанның тууы мен сан сауаптың кілті болған қасиетті оразаның басталуына жеті күн уақыт қалды.
Осы күн жадына орай КМДБ-ның облыстағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Т.Омаров пен найб имам Б.Олжаев журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.
Мәслихатта сөз алған бас имам жақын қалған қасиетті айдың келуімен құттықтап, 26 мамыр күнгі құптаннан соң Пайғамбарымыздан сүннет болған тауарих намазының оқытылатынын еске салды. Осы күні қала бойынша 60-қа жуық тегін такси қызметі көрсетілетін болады. Биыл қаладағы 17 мешіт пен барлық аудандағы мешіттер тарапынан жасалатын мұндай игі шаралар баршылық.
Мәселен, оразаның екінші күнінде мұсылмандардың шүкірлігі мен қуанышын өрнектейтін жарапазан айтылып, жамағатқа тегін құрма таратылады. Сондай-ақ, мешіттер бір ай бойы ауызашар береді. Сонымен бірге қолдауды қажет ететін 500 отбасына ақшалай және азық-түлікпен көмек көрсету ұйымдастырылған. Ал, ауқатты кісілердің берген зекеті көпбалалы отбасыларға үлестіріледі.
Сонымен бірге бас имам пітір-садақаның діни басқарма тарапынан 300 теңге болып белгіленгенін жеткізді.
Оразаның қадір-қасиеті мен шарттарын атап өтті. Осы айда құран оқудан жарыс өткізіліп, мүшәйра ұйымдастырылып, оразаны ұдайы насихаттаған журналистер де жүлделі болмақ.

Д.АЯШҰЛЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 мамыр 2017 г. 777 0