
Көктемнің әр күні жылға азық қағидасын тұтынған қазалылық дихандар еңбек көрігін қыздыра түсуде. Егіс танаптарындағы қарбалас қимыл бір сәтке де толастар емес.
«Жалаңтөс батыр» ЖШС егіс алқабында өткен «Дала күні» семинар – кеңесіне аудан әкімі Нажмадин Шамұратов төрағалық жасады. Облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес төрағалары, округ әкімдері, ардагерлер қатысқан семинар егін егудің жоралғысын жасаудан басталды.
Мұнан соң дала жұмыстарының барысы туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абай Рыстығұл, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Абзал Сәрсенов, «Қазалы сушар» өндірістік учаске бастығы Қуаныш Көланов хабарлама жасады. Өткен жылы егілген күріштен мол өнім жинаған аудан диқандарының биылғы межесі де жоғары. Дақылдарды орналастыру барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдардың көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілуде. Сол арқылы бақша дақылдарын өндірістік негізде өсіруді 600 гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын дамыту тұрғысында биылғы жылдан бастап аталған дақылдарды егу, жинау жұмыстарын қаржыландыру көзделуде. Бұған қоса, бірегей элита 1 репродукциялы тұқымдарды субсидиялау қарастырылуда. Бұл өз кезегінде гербицидпен, минаралдық тыңайтқыштарды және жоғары репродукциялы тұқымдарды ауыл шаруашылығы құрылымдарының жеткілікті дәрежеде пайдалануға мүмкіндік беріп, егін шаруашылығында өнімділікті ұлғайтуға оң әсерін тигізеді. Күріш түрлерін жаңарту мақсатында «Рза агро» ЖШС Түгескен шаруашылығынан, «Сыр маржаны» ЖШС Ресейдің Краснодар өлкесінен, Астрахан қаласынан күріштің янтарь, фоварит, новатор аталатын түрлерінен тұқым алуда. Облыс әкімінің қолдауымен су айдайтын насос алуға облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға бірқатар техника алуға қол жетті.
Семинарды қортындылаған аудан әкімі Н.Шамұратов диханшы қауымның еңбегіне сәттілік тіледі.