«Алматы арена» спорт кешенінде тоғызқұмалақтан өткен бәсеке шынында да тартысты өтті. Додалы жарысқа БАҚ өкілдері мен баспасөз хатшылары жəне блогерлер қатысты. Жиырмадан астам қыз-жігіттер қатысқан жарысқа қызығушылықтың көп болғанын мына бір деректен-ақ аңғаруға болады.
Тоғызқұмалақ турниріне Астана, Шымкент, Талдықорған, Қызылорда және тағы басқа қалалардан әріптестеріміз арнайы келіп қатысты. БАҚ өкілдері бағын сынаған бәсекелі додаға Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясы ұлттық құрамасының бас бапкері Айнұр Жақыпбаева пен бірінші дәрежелі төреші Азамат Қалдыбаев төрелік етті.
Турнирдің ашылу салтанатында «Айқын» газетінің директор-бас редакторы Нұртөре ЖҮСІП сөз сөйледі.
– Бүгінгі өткізіліп жатқан турнир Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен орайлас келеді ғой деп ойлаймын. Өйткені ұлтымыздың барлық асыл қасиетін кейінгі жас ұрпақ бойына сіңіруі қажет. Тоғызқұмалақты ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген журналистер ойнаса, ақылына-ақыл, нақылына нақыл қосылмай ма деген ой бар. Сондықтан осы турнирді өткізуге ниет етіп, алғаш рет бастап отырмыз. Турнирдің сәтті өтуі әріптестеріміздің белсене қатысуына байланысты. Журналистер олжалы болып, оза шауып жатса, бәрімізге де қуаныш. Жарыстың сәтті өтуіне Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов мырза тілектестігін білдіріп отыр. Тоғызқұмалақ әлем халқы ойнайтындай, компъютерлік жүйеге енгізілді. Бұл қазақтың ұлттық ойынының мерейлі биікке көтерілгені. Мұны бәріміз де қуана қолдауымыз қажет. Сондай-ақ, қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мырза да ұлттық ойын түрлерін дамытуға белсене атсалысып жүргенін бәріңіз де жақсы білесіздер. Бұл жолы да қауымдастық журналистер арасында өтіп жатқан сайысқа демеушілік жасап отыр. Сондықтан жүлде қоры қомақты. Тек ақылмен, оймен, қисынмен, тоғызқұмалақтың тартысты өтуіне атсалысуымыз қажет, – деді басылымның бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
Швейцар жүйесінде бағаланып, жиырмадан астам қаламдастар қатысқан ойын тартысты аяқталды. Сонымен «Айқын» газетінің ынталандыру сыйлықтарымен Гүлмира Аймағанбет («Астана ақшамы»), Өмірбек Сансызбаев («Массагет. Кз»), Асхат Шотаев (блогер ОҚО) марапатталды. Ал үздік ойыншы атағына Алина Болатбек («Қамшы» порталы) ие болды. Бану Нүсіповаға (ҚазАСТ) «Елмұра» компаниясының төрайымы Салтанат Өмірәлі қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.
Үшінші орын Нұрлан Құмардың («Үркер» журналы) еншісіне тиді. Екінші орын Бақытжан Каділбекке (СДУ блогер) бұйырды. Ал бас жүлдені, яғни бірінші орынды қарсыластарынан басым түскен Ғабит Сапарбеков жеңіп алды. Оңтүстік Қазақстаннан келген Ғабит әріптесіміз Шымкентке олжалы қайтты. Ол «Эир Астана» компаниясымен ұшағымен Анталияға барып қайтатын болды. Жүлделі орынға ие болған әріптестер құралақан қайтқан жоқ, ақшалай заттай сыйлықтармен марапатталды.
Сөйтіп «Айқын» газетінің жүлдесі үшін өткен жарыс табысты аяқталды, әріптестеріміздің мерейі бір көтеріліп қалды. Осы орайда, турнирді қолдаушы – Халықаралық тоғықұмалақ федерациясы, демеуші – «Эйр Астана» əуекомпаниясы, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жəне «Шеврон», «Елмұра» компаниясы екенін айта кеткен жөн.
Айқын.кз