1 маусымнан бастап вокзалдарда жолаушылар жүгі тексеріледі

Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап еліміздің барлық өңірлік теміржол вокзалдарында жолаушылардың қол жүктері мен багаждары ішінара тексеріледі. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай Фейсбуктегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2017 жылдың ақпан айынан бастап еліміздің барлық теміржол вокзалдарында қол жүктері мен багаждарын тексеру жұмыстары кезең-кезеңімен енгізілуде. Биыл 1 ақпаннан бастап Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарында тексеру енгізілді. Ал 1 сәуірден бастап Астана қаласы вокзалында тексеру ұйымдастырылды. Қалған 15 вокзалда (Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Орал, Қызылорда, Маңғышлақ, Атырау, Жамбыл, Шымкент, Бейнеу, Шу, Семей, Петропавл, Павлодар) тексеру 2017 жылдың 1 маусымынан енгізіледі»,-деп жазды ресми өкіл. Сонымен қатар ол елордада жаңадан пайдалануға берілетін «Астана - Нұрлы жол» вокзалында да осындай қауіпсіздік шаралары қарастырылғанын атап өтті.
«ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 16 қазанда бекітілген Ережесіне сәйкес, террорлық қауіп-қатердің қандайда бір қауіптілік деңгейі жарияланбаған немесе қауіптің орташа деңгейі («сары») жарияланған жағдайда, жолаушылар мен келушілердің заттары, оның ішінде қол жүктері мен багаждары ішінара тексерілетін болады. Ішінара тексеру қағидасы көлік инфрақұрылымы нысанындағы тексеру пункті қызметкерлерінің күдігін тудырған жолаушыларға және келушілерге, олардың заттары мен қол жүктеріне, багаждарына қолданылады. Қауіптің жоғары («қызғылт сары») және өте қатерлі («қызыл») деңгейі жарияланған жағдайда барлық жолаушылар мен келушілер, олардың қолындағы заттары, оның ішінде қол жүктері мен багаждары тексеріледі»,-дейді М. Жұманбай.  

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 мамыр 2017 г. 512 0