
Елімізде ет бағасы қымбаттап, базарда бір келісі жеті доллардан, яғни 2300 теңгеден сатылуы мүмкін. Қытайға ет экспорты басталса, баға өседі деген ақпаратты бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі де растады. Ал Үкімет ең өтімді сиыр етін еліміздің 9 облысынан Қытайға жіберуге сақадай сай отыр. Жылына Ресейге 60 мың тонна ет экспорттамақ болған еліміз, енді Қытайға бет бұрып, оларға 50 мың тонна сатуды жоспарлап жатыр, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі zakon.kz-ке сілтеме беріп.
Етті экспорттауды ұзақ жылдар жоспарлаған Үкіметтің үміті жақын күндері ақталатын сияқты. Бүгін премьердің алдында баяндама жасаған Ауыл шаруашылық вице-министрі Қайрат Айтуғанов тоңазытылған сиыр етін Қытайға жіберуге кедергілердің жойылғанын жеткізді. Яғни, еліміздің 9 облысынан мал шаруашылығы өнімдеріне аусылға қатысты шектеу алынып, 5 өңірде вакцинациялау жүргізілуде. Енді екі ел арасындағы келісім аяқталса, жылына елімізден 50 мың тонна сиыр еті Қытайға жөнелтіле бастайды... Осы ақпаратты ауыл шаруашылығы вице-министрінің өзі растады. "Жеті доллар деген ақпаратты мен де естідім. Ол ішкі нарықтағы, бөлшек саудадағы баға болуы мүмкін. Ондай көтеріңкі баға болса, тауар өндірушілер қуанады"-дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рақымбеков. Бағаның қымбаттайтынына шаруа қожалықтары қуанғанымен, сатушылар қуанып тұрған жоқ. Қазірдің өзінде базарда қымбатшылық, малдың құны аспандап тұр. Ал, экспортқа шығарсақ ішкі нарықта жетіспеушілік болып, ет шарықтап кетеді деп қауіптенеді... Ал, Қытайға ет қандай бағамен экспортталатыны да әзірге белгісіз. Шенеуніктер өнімнің құны екі жақтың келісіміне байланысты болмақ деп отыр. Және етті тексеретін зертхана, жеткізетін көлік шығыны мен қосалқы салығы да есепке алынуы тиіс.
Ескерту! Кез келген материалды көшіру және жариялау үшін редакцияның арнайы рұқсатын алу қажет!
http://qamshy.kz/home/show/19006