
Алматыда 24 мамыр күні Батырхан Шүкеновтың мерейтойына арналған концерт өтеді. Концертті Жанар Дұғалова жүргізеді. Бұл туралы Facebook-тағы парақшасында «Батырхан Шүкенов атындағы қор» қоғамдық қорының директоры Олжас Байқанов жазды.
Жанар Дұғалова қазақстандықтарды Батырхан Шүкеновтың мерейтойына арналған концертке шақырды. «Концерт 24 мамыр күні Алматыдағы Республика сарайында өтеді. Сіздер үшін Валерий Меладзе, Севара Назархан сияқты өзге де көптеген танымал әншілер өнер көрсетеді»,-деді әнші. Ұйымдастырушылардың сөздерінше, билеттерді сатудан түскен пайданың барлығы Батырхан Шүкеновтың жаңа альбомын шығаруға жұмсалады.
Айта кетейік, 2015 жылдың 29 сәуірінде Мәскеуде 53 жасқа келген шағында қазақстандық «А'Студио» тобының сол уақыттағы әншісі Батырхан Шүкенов өмірден өтті.