Қылмыстық процестегі шағымдардың сотта қаралуы

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының 2017 жылға белгіленген басымды бағыттардың бірі – прокуратураға түсетін шағымдарды азайтып, олардың тергеу судьясымен қаралуын арттыру болып табылады. Осы орайда, қылмыстық істер бойынша, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздары бойынша қылмыстық қудалау органының шешімімен келіспеген жағдайда, қылмыстық процеске қатысушылар, яғни күдікті, айыпталушы, олардың заңды өкілдері, қорғаушы, азаматтық жауапкер, жәбірленуші, жекеше айыптаушы, азаматтық талапкер, олардың заңды өкілдері сотқа шағымдануға құқығы бар.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабында құқықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық қудалау органдарының әрекеттері мен шешімдері тікелей қозғайтын тұлғалар сотқа шағымдануға құқылы екендігі көрсетілген. Бұл орайда, азаматтардың қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жазған шағымдары тергеу судьясымен қаралады және қылмыстық процеске қатысушылар қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау, тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, қылмыстық істі тоқтату, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, тінту және (немесе) алуды жүргізу, сондай-ақ өзге де әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасау және шешімдерді қабылдау туралы шешімдер немесе әрекеттермен келіспеген жағдайда шағымдануға құқылы.
Мұндай шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды он тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды, олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді.
Тергеу судьясының өкімі бойынша сот отырысы бейнебайланыс режимінде өткізілуі мүмкін. Сот отырысының барысында хаттама жүргізіледі. Қажет болған кезде тергеу судьясы қосымша материалдарды талап етіп алдырып, тиісті тұлғаларды шақыруға және олардан сұрақ алуға құқылы.
Әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасалып отырған лауазымды адамдар соттың сұрау салуы бойынша үш тәулік ішінде мұндай әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға және шешімдерге негіз болған материалдарды сотқа ұсынуға міндетті.
Сот отырысын өткізу кезінде тергеу судьясы қандай шағымның қаралуға жататынын хабарлайды, осыдан кейін, егер арыз иесі сот отырысына қатысып отырған болса, ол шағымды негіздейді, содан соң басқа да келген адамдар тыңдалады, олар сотқа дәлелдемелер беруге құқылы.
Шағым жасалған әрекеттердің (әрекетсіздіктің) немесе шешімдердің заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы оларды жасаған немесе қабылдаған тұлғаға жүктеледі. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті, оның қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі, өкілі тергеу судьясының қаулысына ол жария етілген кезден бастап үш тәулік ішінде шағым жасауға құқылы.

Қызылорда қалалық прокуратураның бөлім прокуроры С.Сыздықов
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2017 г. 647 0