Музыкалық ансамбль шеруі өтеді

Жүректі жарып шыққан туындыларға «күй» деп атау берген қазақ оны тәрбие бұлағы, әсемдікке баулу көзі деп білген. Осы бір қанатты сөздің өзінен-ақ адамның бес күн өмірі әнмен өріліп, күймен көмкерілетінін байқаймыз. Сонымен қатар жас өрендерді бейжайлықтан құтқаратын да –музыка. Себебі, кей әуен ұран болып жігерлендірсе, енді кейбірі терең ойға жетелейді. Кейбірі жақындарға деген махаббатын жеткізуге себепші, кейбірі өсиет айтады. Тұңғиықтан суырып алып, тәуекелге бел байлатады. Бірақ жаһандану дәуірінде осындай күшке ие жеті әуеннің құдіретіне аса мән бермей, техникалық, технологиялық жетістіктерге қол ұратын дәрежеге жеттік. Роботтың отаны саналатын Жапонияның өзі гуманитарлық салада дағдарысты бастан кешуде. Өйткені, олар техникалық бағытқа басымдық беріп, қаржыны да соған құйған. Салдарынан жеткіншектер сөйлеуден қалып, музыка саласына тоқырау келген деседі. Бірақ қатесін дер кезде сезген ісіне мығым, жинақы  жапон елі әдебиет және  өнер саласын шырқау биікке көтермек үшін бүгінде оған  күш пен қаржы салып отыр. Біздің елде де тәуелсіздік алғалы Елбасы өнер мен мәдениетке үлкен қолдау білдіріп келеді. Қаладағы білім беру ошақтарында ән, би үйірмелерінің есігі ашық. Қосымша білім беру орталықтарында да осындай үйірмелер бар. Осы музыкалық ансамбльдер, оркестрлер бүгінде жемісті жұмыс жүргізуде. Биыл 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай музыкалық  ансамбльдер шеруі ұйымдастырылмақ. Еліміз бойынша алғаш рет қолға алынған шараға дайындық қызу жүруде. Өнерпаз мектеп оқушылары мен колледж студенттері оған қызығушылықпен кірісіп, әзірлік жасауда. Ұстаздар қауымы бұған шын қуанып, сәттілік тілесті. Ең бастысы, музыкалық ансамбль шеруі ел қолдаған бастамаға айналатынына сенім білдірді.

Айгүл КӘРІБАЕВА, № 6 орта мектеп мұғалімі.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2017 г. 783 0