Мемлекеттің қарызы 12,3 трлн теңгені құрады

Мемлекеттің қарызы 12,3 трлн теңгені құрады2017 жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша экономиканың көптеген саласында қарқынды өсім байқалады. Өндіруші, өңдеу, құрылыс, қызмет көрсету салаларында оң серпін бар. Ал 1 мамырдағы дерекке сәйкес мемлекеттің қарызы 12,3 трлн теңгені құрады. Көрсеткіш қауіпсіз деңгейде. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Осы жылдың 4 айындағы статистиканы позитивті деп айтуға болады. Деректер бойынша қаңтар-сәуірде ЖІӨ өсімі 1-тоқсандағы 3,0%-дан 3,7%-ға дейін жеделдеді. Өндіру саласы 7,8%-ға және өңдеу өнеркәсібі 6,8%-ға, құрылыс саласы 6,1%-ға, қызмет көрсету саласы 1,9%-ға өсті», - деді ол. Сонымен қатар министр жақсы нәтиже көрсеткен салаларға тоқталды.
«Тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларының ішінде көмір және лигнит 18,9%-ға, мұнай 7,6%-ға, табиғи газ өндірісі 13,2%-ға өскені байқалады. Мұнай өңдеу (9,1%-ға өсу), фармацевтикалық өнімдер (49,7%-ға), бейметалдық минаралды өнімдер (5,0%-ға) металлургия өнімдері (8,2%-ға) және машина жасау өнімдері (3,3%-ға) сияқты өңдеудің негізгі сегменттерінде де оң көрсеткіш тіркелді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндірісінің көлемі өзгермей, 2,9% деңгейінде сақталды. Ал азық-түлік өндірісі 5,7%-ға жоғарылады, сусын өндірісінің өсуі 2,6%-ды құрады. Көлік және қоймалау қызметтерін көрсету 3,5 пайызға өсті. Бұл ретте жүк айналымы 5,9 пайызға, жолаушы айналымы 3,2 пайызға ұлғайды», - деді басшы. Алайда кейбір өндіріс салаларында көрсеткіш төмендеген екен.
«Бұл ретте химия өнеркәсібінде өндірістің азайғаны байқалады. Химия өнімдерінің өндірісі 0,7%-ға төмендеді. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда құлдырау ауқымдылығының (-1,2%-ға) қысқарғанын атап өткен жөн. Жалпы, 4 айдың қорытындысы бойынша экономиканың көптеген саласында қарқынды өсім бар», - деді ол. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі мемлекеттің қарызы жөнінде статистикалық деректерді келтірді.
«2017 жылдың 1 мамырына дейінгі ақпаратқа сәйкес мемлекеттің қарызы 12,3 трлн теңгені немесе ЖІӨ-дегі үлесі 24,6%-ды құрайды. Көрсеткіш қауіпсіз әрі басқарылатын деңгейде. Осы жағдайды ескере келе, Елбасы жолдауында көрсетілген макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау міндеті орындалуда», - деп түйіндеді сөзін Тимур Сүлейменов.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2017 г. 502 0