
Бұл жаңалық Алматыда өткен жұмыс тобының алғашқы отырысында айтылды. Басқосуға жазушылар, классикалық музыка майталмандары, суретшілер және кино саласының қайраткерлері жиналды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы нақты тапсырманың бірі – ұлттық өнер мен мәдениет саласындағы үздіктерді әлемге таныту. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Елге еңбегі сіңген қайраткерлер төрт сала бойынша, яғни, әдебиет, классикалық музыка, сурет және кино туындылардың ішінен үздіктерін таңдап, шет тілдеріне аударатын болады.
Ерлан Саиров, жұмыс тобының мүшесі:
- Келер жылдан бастап, БҰҰ алты тілінде осы қазақтың әдебиеті, кино бойынша үздік туындылар халықаралық деңгейге шығарылады. Енді бұл қазақ мәдениетінің брендін халықаралық дәрежеге сәйкестендірудің ең оңтайлы жолы деп білеміз.
Таңдап алынатын шығармалар ұлттық мәдениет пен еліміздің даму кезеңін қамту керек. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі шығармалар ғана сарапқа салынады. Сондықтан жұмыс тобының мүшелері де бұл туындыларға жаңаша көзқарас, жаңа талап бойынша қарау керек,- деді дөңгелек үстелге қатысқандар.
Ұлықбек Есдәулет, «Жұлдыз» журналының бас редакторы:
- Тәуелсіздік жылдарындағы ең озық шығармаларды іріктеп алып, оны басқа тілге аудару үлкен маңызды мәселе болса да, бұл жерде талғам деген дүние бар. Сонау кеңес заманындағы социалистік реализм тұрғысынан қарағандағы талғаммен бүгінгі шығармаға қарауға болмайды.
Қоғам қайраткерлерінің айтуынша, алты тілге аударылатын үздік туындылар өзінің әдеби көркемдігі мен мағынасын жоғалтпауы керек. Сондықтан аударма ісінің өте маңызды әрі жауапты екені айтылды.
Любовь Шашкова, Қазақстан және КСРО жазушылар одағының мүшесі:
- Ардагер жазушыларды, өткен ғасырларда жазылған шығармаларды жақсы білеміз. Олардың бірқатары шет тілдеріне аударылып та жатыр. Біз енді жас таланттардың еңбегін көрсетуіміз керек. Тәуелсіздік жылдарындағы еңбектерді дәріптеуіміз қажет.
Жұмыс тобы мен сарапшылар іріктеп алған үздік шығармалар осы жылдың екінші жартысында бүкілхалықтық талқылауға ұсынылады. Жұрт қай туындының Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударылып, әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі болуына лайық ден танылуына дауыс беру арқылы үлес қоса алады.