
«Мен әншімін» байқауында Димаштың алғашқы әнді айтқанда киген киімі қайырымдылық аукционында 7 миллион теңгеге сатылғаны белгілі.
Алайда сахналық костюмді сатып алған адам ертеңіне оны жас әншінің өзіне қайтып әкеліп берген. Бұл туралы «Тілшіге» Димаштың анасы Светлана Айтбаева айтып берді.
«Ол кісі аты-жөнін айтуды қаламады. Тек, 7 миллион теңгені банктің есепшотына аударғанын растайтын түбіртекті көрсетті. Сонымен бірге, сатып алған костюмін «мұны тек Димаштың өзі кию керек» деп қалдырып кетті», — дейді Светлана Айтбаева.
Осыған дейін ақпарат құралдары хабарлағандай, әнші байқаудың алғашқы күнінде киген костюм қайырымдылық аукционында 158 890 юаньға (7,2 млн теңге) сатылған болатын. Танымал жас әншінің киімі mpaimai.jd.com сайты арқылы аукционға қойылған еді. Саудаға 19 640 адам қатысты. Киімнің алғашқы бағасы 188 юань (8500 теңге) болды.
Костюмді сатудан түскен қаржы Қытайдағы балалар қорының есепшотына аударылды.