ЖҰҚПАЛЫ ІШЕК АУРУЛАРЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!

ЖҰҚПАЛЫ ІШЕК АУРУЛАРЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!Күн жылып, ыси бастаған кезде жедел ішек ауруларымен  ауырған науқастар саны күрт өсіп кетеді. ЖІА қоздырғыштары майда микроорганизмдер, яғни бактериялар болып табылады. Ол бактериялар қоршаған ортада (жерде, суда, түрлі қоқыстарды т.б) көп таралған. Сонымен қатар олар тамақтарда  ұзақ уақыт  сақталып, кейбіреуінде өсіп өнеді. ЖІА мен адам қайнамаған су, дұрыс пісірілмеген сүт және оның тағамдарын ішкенде, тұрып қалған тағамдарды пайдаланғанда, көкөніс жеміс өнімдерін дұрыс жумай жегенде, қолдарын дұрыс жумай тамақ ішкенде ішек ауруын жұқтырады. Сонымен қатар науқас адаммен қарым-қатынаста болғанда да жұқтыруы мүмкін. Жедел ішек ауруларына   жедел дизентерия, іш сүзегі, сальмонелез, тырысқақ, гастроэнтериттер жатады.
Адам ағзасына қоздырғыштар түскеннен кейін бірнеше сағаттан соң немесе 1-2 күнде ауруы мүмкін. Адамда әлсіздік, басы ауруы, жүрегі айнуы, лоқсу, құсу пайда болады. Сонымен қатар ішек ауруларының кейбір түрінде (мысалы: дизентерия) адамның іші қатты бүріп ауырып, іші өтеді. Дене қызуы көтеріліп, тамаққа тәбеті азаяды. Адамның іш өтуі күніне 4-5 реттен  10-15 ретке дейін болады.
Ауру осы аталған белгілердің бір-екеуінің пайда болуымен 2-3 күнде жеңіл түрде өтуі мүмкін, бірақ науқас өзін саумын деп есептеп, айналасындағы адамдарға қауіп төндіреді. Сонымен қатар ауру одан әрі меңдеп науқасты ауыр халге жеткізуі мүмкін. Сондықтан сырқат адам тез арада дәрігерге көрініп, ем қабылдауы қажет.
Ішек ауруларымен ауырып қалмас үшін, адам бірқатар қарапайым сақтану шараларын орындау қажет:
-    ішек ауруларының қоздырғыштары қайнатқанда қырылып қалады, сондықтан суды, сүтті қайнатып ішу;
-    піскен тамақ 6 сағаттан аса сақталса, қабылдау алдында қайнатып, қайтадан пісіріп қабылдау;
-    тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышқа сақтау;
-    иісі мен дәмі өзгерген азық-түлікті пайдаланбау;
-    көкөніс, бақша өнімдерін міндетті түрде ағынды сумен жуып, артынан ыстық сумен аптау;
-    даладан, көшеден, әжетханадан келген соң, қолды сабындап мұқият жуу;
-    шыбындар, қоздырғышьарды аяғқтарына жұқтырып әкеліп ашық тұрған тамақтарды ластайды, сондықтан шыбындарды жою;
-    үй ішін, балалардың киімдерін, денесін үнемі таза ұстау;
-    жеке бас тазалығын балаларға кішкентайынан үйрету т.б;
Осындай  қарапайым сақтану шараларын сақтап жүрсе, адам ішек ауруларымен ауырмайды. Ал егер отбасы мүшелерінің біреуі не өзіңіз ауырып қалсаңыз, жедел түрде дәрігерге көрініп, дер кезінде тиісті ем қабылдаңыз.
Әркімнің  өз денсаулығы өз қолында екенін, сақтанып жүрген адамның ауырмайтындығын ұмытпаңыз.

Айна Мухамбетова,
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының
бас дәрiгері.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 мамыр 2017 г. 881 0