ҚҰС ФЕРМАСЫНЫҢ ӨНІМІ САТЫЛЫМҒА ТҮСТІ

Шиеліде өткен жылдың желтоқсанынан бері өз жұмысын бастаған құс фермасы 11 мың бас тауық балапанын күтімге алған еді. Міне, өзіндік сыры бар бұл шаруаның да жемісі көрінді. Мамыр айының басынан бері мұнда тауық жұмыртқалары жиналып, саудаға шығарыла бастады. 
– Алғашында тәулігіне 1-2 мың дана жұмытқа жиналса, қазіргі таңда күніне 7-8 мың дана жергілікті өнім нарыққа түсуде. Мұны құс шаруашылығымен шұғылданған тәжірибелі мамандар оң нәтижеге балап, тауық балапаны күтімінің өз дәрежесінде жүргізілгендігіне ризашылық білдіріп отыр. Демек, құстарды қоректендіру рационы мен емдеу жұмыстарының және фермада температура мен тазалықты қалыпты ұстаудың дұрыстығы дәлелденді деген сөз. Осында еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлер алғашқы сынақтан сүрінбей өтті дей аламыз. Бұрын қолға алынбаған іс болғандықтан, бәріміздің де алғашқыда қобалжығанымыз рас. Енді өз ісімізді осылай жүргізе отырып, жергілікті жерде өндірілген тауық жұмыртқаларын саудаға шығарудың тиімді жолдарын қарастыру үстіндеміз, – дейді кәсіпорын басшысы Насыр Мырзабеков.   
Иә, аталған өндіріс орны жылына 3,5 млн дана жұмыртқа және 65 тонна құс етін өндіруі тиіс болса, осы қадамның алғышарттары жасалынып  үлгерген. Дегенде, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту барысындағы тапсырмалар жедел орындалуы үшін жергілікті жерде өндірілген өнімді саудалай білу, атқарушы орындар мен жеке кәсіпкерлердің белсенді қолдауы қажет секілді. Сонда тың идеялардың жүзеге асырылуы жылдамдайды, тұрғындар да ықыласты еңбек етіп, өздерінің әлеуметтік жағдайларын нығайтуға жол ашады.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 
Шиелі ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 мамыр 2017 г. 556 0