«Қазақстанның 100 жаңа есімі» анықталады

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» анықталады «Қазақстанның 100 жаңа есімін» анықтау үшін жақында El.kz порталында жаңа функция іске қосылады. Бұл туралы бүгін жобаны жүзеге асыратын жұмыс тобының алғашқы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Қазақстанның 100 жаңа есімін» іріктеу үшін El.kz порталында жаңа функция іске қосылады. Ол нағыз мультимедиялық порталға айналады. Порталда 100, 200 немесе 500 емес, барлық табысты адамдарды орналастырсақ деген ұсыныс бар. Кез келген адам қалаған уақытында сайтқа кіріп, Қазақстанның жаңа есімдерімен таныса алады. Бұған қоса, біз жаңалықтардың дұрыс-бұрыстығын, рас-өтірігін тексереміз», - деді министр.
Дәурен Абаевтың айтуынша, жаңа жобаға қатысты ұсыныстар мен ескертулер 5 маусымға дейін қабылданады.
«Табысты болу – атақты болу деген сөз емес. Табысты адамдардың бәрі танымал емес. Сондықтан біздің жобамыздың мақсаты – олардың елге, қоғамға сіңірген еңбегін көрсету, таныту. Жобаның аты айтып тұрғандай, біз Қазақстанның әлі танылып үлгермеген, сіз бен біз білмейтін жаңа есімдерін іздеп табуымыз керек. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айта кетсек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірігіп жүзеге асырып жатыр. Жұмыс тобының негізгі мақсаты –100 табысты қазақстандықты тауып, іріктеу.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 мамыр 2017 г. 540 0