
Өскемен қаласында қасиетті Рамазан айының қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа Мәжілісі өтті, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Алқалы жиынға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, наиб мүфтилер – Серікбай қажы Ораз, Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ бөлім меңгерушілері, ҚМДБ-ның облыстардағы өкіл имамдары қатысты. ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, басқосуда Рамазан айында қайырымдылық акцияларын көбірек ұйымдастыру, медреселерге шәкірт жіберу, «Зекет» қорының жұмысын жандандыру, пітір садақаның өлшемін бекіту, жаңа мешіттерге ат қою, мешіт ауласын көркейту, республикалық ақпараттық-насихаттық топтың жұмысын пысықтау, т.б. мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері анықталды. Әр облыстағы бидайдың бағасы ескеріліп, ортақ мөлшермен бекітілді. Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 300 теңге болып бекітілді. Айта кетейік, пітір садақаны құрманың, мейіздің, арпаның, бидайдың құнымен де беруге болады. Егер пітір садақаны бидаймен беретен болсаңыз, әр адам үшін жарты сағ. Ал жарты сағ 1 келі 625 граммға тең. Ақшамен есептегенде (әр аймақтың бидай бағасына қарай) 1 келі 625 граммның құнын беру керек. Құрма, мейіз, арпадан да бір сағтың (3,25 кг) құнын беру қажет.
Еске сала кетейік, пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.