БЕЙБІТ ӨМІР СЫЙЛАҒАН ҰЛЫ ЖЕҢІС

Келер ұрпаққа бүгінгі бейбіт өмірді тарту еткен Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің ерен ерлігі қашанда үлгі, өнеге. Осы орайда, облыс әкімдігінің қолдауымен қала орталығындағы «Астана» мейрамханасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған мерекелік дастархан жайылды. 
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасарлары Қуаныш Ысқақов пен Руслан Рүстемов, об¬лыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов қатысып, қарт майдангерлерді Жеңістің 72 жылдығымен құттықтап, соғыс жылдарындағы ерен ерліктері үшін алғыс айтты. 
– Қадірлі ардагерлер, ардақ¬ты ағалар, ақ жаулықты аналар сіз¬дерді облыс әкімі Қырымбек Елеу¬ұлының атынан Ұлы Жеңіс мере¬кесімен шын жүректен құт¬тықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгін біз Жеңістің 72-ші бейбіт көктемін қарсы алып отырмыз. Оның ел тарихындағы орны ерекше. Жеңістің тәтті дәмін – оны күткен ел, сағынған халық біледі. Себебі бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеген күн. Отты жылдардағы ерлік істеріңіз бен соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жолындағы қажырлы еңбектеріңіз – өшпес өнеге, өлмес мұра, келер ұрпақ ұлағат алар баға жетпес байлық, – деді Қ.Ысқақов.
Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама аясында Үміт Медеуова, Шолпан Бейімбетова, Самал Байсейітова, Жалын Жүсіп секілді жергілікті өнерпаздар Ұлы Жеңісті паш еткен әндерді шырқап, жауынгер ағалар бір серпіліп қалды. Барлық ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Осылайша, жайылған ақ дастархан тек ыстық ілтипат пен ізгі ниеттерге толы болды. 

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 мамыр 2017 г. 565 0