Дәрігерлер денсаулықты дәріптеді

Жеңіс мерекесі қарсаңында облыстық медицина орталығының білікті дәрігерлері «ашық есік» күнін өткізіп, соғыс және еңбек ардагерлері мен қала тұрғындарын медициналық тексеруден өткізді.
Облыстық медицина орталығының бас дәрігері, қалалық мәслихат депутаты Сәбит Пазыловтың айтуынша, мұндай шара жылына бірнеше мәрте ұйымдастырылып, орталық мамандары тарапынан тұрғындардың тегін қаралуына мүмкіндік жасалады екен. Дәстүрлі шара бұл жолы Ұлы Жеңіс мерекесіне орай өткізіліп отыр.
– Кез келген отбасында соғысқа қатысқан жауынгер не тыл ардагері бар. Біз оларды ұмытпаймыз, яғни, олардың ерлік істері кейінгі ұрпақтың үнемі есінде болмақ. Сол кісілерге көмек көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан да осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Тіпті, ол кісілердің үйіне барып көмек көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге хабарландыруды естіп келіп жатқан қала тұрғындары бар, оларға да бүгінгі күні мамандар тарапынан кеңес беріліп, медициналық көмек көрсетілуде, – дейді С.Пазылов.
Таңертеңнен жоғары білікті мамандардың қарауынан өтіп, тегін кеңес алуға келгендер қарасы көп болды. Мәселен, 70 жастағы қарт ана бүйрек тұсының ауыруынан облыстың бас нефрологы Лиза Нұрсұлтанованың қабылдауына ар¬найы келіпті. Дәрігер сол жерде анализ тапсыруға зертханаға жіберіп, анализ қорытындысы бойынша ем шарасын тағайындады.
Қызылордалық Айша Ағымова қажетті мамандардан кеңес алуға мүмкіндік беретін мұндай акцияны ұйымдастырған дәрігерлерге дән риза.
– Біраздан бері белім ауырып, қатты қиналып жүрмін. Емханаға бара алмадым. Осы акцияны естіп әдейі келіп отырмын. Жолдамасыз әрі кезексіз кіріп, дәрігерден кеңес алдым. Акцияны ұйымдастырған ақ халаттыларға үлкен рахмет, – деді Айша апа.
«Ашық есік» барысында эндоскопист, хирург, жүрек-тамыр хирургі, травматолог, нейрохирург, нефролог, офтальмолог, пульмонолог, эндокринолог, аллерголог, бет-жақ хирургі, УДЗ дәрігері, кардиолог, невропатолог, гинеколог, терапевтер барлығы 159 қаралушыға медициналық кеңес берді. 55 қаралушыға ультрадыбысты зерттеу, 11 қаралушының ішек-қарын жолдарына, 7 қаралушының жүрек қалқаншаларына зерттеу жасалса, 19 қаралушыдан клиникалық зертхана сынағы алынды. Медициналық тексеруден өткендердің 18 пайызына тереңдетілген тексеруден өтуге кеңес берілді.

Айнұр БАТТАЛОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 мамыр 2017 г. 476 0