Майдангер көшесі

Майдангер көшесіМайдангер азаматқа көше берілу рәсіміне шақыру қағазындағы төмендегі өлең шумағы оның бүкіл болмысын баяндаған секілді.
Адалдықтың айдынын кірлетпеген,
Бірге болған әрдайым ел-жұртпенен.
Шыншылдықтың шынжыры – ұстанымы –
Сондықтан да халқы оны құрметтеген!
Иә, рас сөз. Болмысы бөлек аға еді.
Ардагер журналист Ұлы Отан соғысының сұрапылында мұз жастанып, жауға оқ жаудырған артиллерист Ахметжан Нүрекеев жайында майдандық газеттерде бірнеше очерктер жарияланған еді. Қаламы ұшқыр ақынжанды азамат атақты Ұлбикемен айтысатын Күдерінің жұрағаты. Өзінің ұшқан ұясы «Ленин жолына» майдандас достары жайында талай мақала жазғанын газет қиындыларынан көріп, тамсана оқыған ұрпақ едік. Редакцияда еңбек еткен жылдарда майдан әсерлерін талай жазғаны бар.
Майдангер журналист «Ленин жолы» газетінде 1934 жылы еңбек жолын бастаған еді, содан 1941 жылы майданға аттанды. Ауыр жараланып, әскери госпитальдан 1947 жылы елге оралды. Ұшқан ұясына, әріптестер ортасына қосылғандағы қуанышын талай майын тамыза айтқаны әлі есімізде.
Бойына кіршіксіз тазалықты дарытқан журналист ұжымның абызы атанды, жетпістен асқанша қасиетті қара шаңырақта еңбек етті. Отау құрды, ұл-қыз өсірді, талай марапатқа ие болды. Омырауы ордень-медальға толы майдангер 1993 жылы дүние салған еді.
Жуырда майдангер Ахметжан Нүрекеевтің есімін қаладағы «Сәулет-1» көшесіне беруге арналған салтанатты рәсім өтті. Көшедегі биік тұғырға граниттен орнатылған ескерткіш тақтада жауынгердің есімі алтын әріппен өрнектеліп, аға рухын одан әрі асқақтатып тұрды.
Көшенің ашылу салтанатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов майдангердің арғы тегі Күдері ақынның үрім-бұтағы екенін төгілте әңгімеледі. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Уәйіс аға буын өкілдерінің көшбастаушысы болған журналистің бітім-болмысынан сыр ағытып, тебірене сөйледі. Ардагер журналистер  Қ.Мырзахметұлы, А.Сәдібекұлы, Р.Бекбергеновалар естеліктер айтты.
Ардагерге көше атауының берілуіне тер төккен ғалым Қазыбай Құдайбергенов, Сұлтан Маханбетов, сондай-ақ ұлы Батырхан Нүрекеевке жылы лебіздер білдірілді.
Аға рухын еске алу мақсатында «Регистан» мейрамханасында ас берілді. Аста Ұлы Отан соғысының ардагері Тәнеш Оразов батасын беріп, жүрекжарды естелігін айтты.
 
Қайыр ҚОРАСАНИ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 мамыр 2017 г. 511 0