
Жеңіс мерекесіне орай, Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде "Жасампаз жасақ" шеруі ұйымдастырылды.
Соғыс жалдарында жанқиярлық танытқан ата-бабалардың ерлігі мен өрлігіне қанығу арқылы өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылған патриоттық шараға аудан әкімі Ғанибек Қазантаев бастаған мемлекеттік қызметкерлер, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты. Сондай-ақ, арнайы жабдықталған автокөлік арқылы шеруді бастап Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тылдағы тауқыметті еңсерген еңбеккерлер жүріп өтті. Шеруге қатысушылар Жеңісті жақындатуға үлес қосқан аталарының, әкелерінің суреттерін тақтайшаға орналастырып, майдангерлер рухына тағзым жасады. Кент орталығындағы Д.Қонаев және А.Иманов көшелері арқылы жүріп өткен шерушілер "Тағзым" алаңына келіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ата-бабалар рухына Құран бағыштады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі