Волейболдан Қызылорда облысының жасөспірімдер командасы Қазақстан чемпионы атанды. Өскемен қаласында өткен волейболдан 2000-2001 жылдары өмірге келген жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында қызылордалық спортшылар осындай табысқа қол жеткізді.
Бұл сынға 9 команда қатысып, 2 топқа бөлініп ойнады. Біздің команда төрт ойында да жеңіске жетіп, ақтық сында үш команданы да айқын басымдықпен ұтты. Жерлестеріміз 21 ұпаймен жеңіс тұғырына көтерілді. Одан кейінгі орындарды Өскемен және Астана қалаларының командалары иеленді. Аталмыш жарыста біздің команда сапынан Жаңақорған ауданы, Түгіскен елді мекенінен Еркебұлан Сейдан үздік ойыншы атанды. Команда құрамында Еркебұланнан басқа оның ауылдастары Болатхан Шанжархан, Әли Әбдіров, Сұңғат Кенжебек, Нұрбақыт Сағымбай және Асқар Балтабай, Азамат Ордабеков, Дәулет Кенжеғалиев (Сырдария ауданы), Бақжан Қасым, Рахат Сержан (Жаңақорған ауданы), Аят Рамазан, Расул Еген (Шиелі ауданы) ойнады.
Айта кетейік, жерлестеріміз былтырғы жылдың шілде айында Өскемен қаласында өткен Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атанды. Енді спортшыларымыз наурыз айында Түркістан қаласында болатын ҚР көктемгі чемпионатына қатысады. Команданы жарысқа Батыр Бабаев дайындады.