Әлемнің үш дүркін чемпионы Шиеліде болды

Әлемнің үш дүркін чемпионы  Шиеліде болдыЖуырда ережесіз жекпе жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров Шиелі ауданында болып, жергілікті жұртшылық өкілдерімен кездесті. 
Қазақ халқының атын шартарапқа паш еткен батыр да, палуан ұлан әуелі Шиелі ауданының Жаңатұрмыс ауылына ат басын бұрды. Себебі, осы ауылдың тумалары Бекболат пен Жанболат атақты спортшымен дос-жаран ретінде араласатын, көзқарастары қабысқан азаматтар. Осы жігіттердің шақыруымен Сыр өңіріне табан тіреген әлемнің үш дүркін чемпионы осындағы № 207 ауыл мектебінде мектеп оқушыларымен жүздесті. Шәкірттердің балғын да балауса сауалдарына ықыласпен жауап берген Ардақ Назаров дүниенің кілті білімде екендігін, әр оқушының мұғалімдерін тыңдап, жақсы оқыса ғана жетістіктерге жететіндігін айтты. Сонан соң ауыл мәдениет үйінде ауыл әкімдігінің отан қорғаушылар күнімен Ұлы жеңістің 72 жылдығына арнайы ұйымдастырған «Ерлік елге-тағзым, ұрпаққа-мұра» атты  шарасына қатысты. Онда да отанды сүю, елге қызмет ету тұрғысындағы әсерлі әңгіме өріс алды. Шаршы алаңда талай жуан жұдырықтың көкесін көзіне көрсетіп, кілем сабалатқан жеңімпаз жігіт өзінің жан сарайының да кең екендігін аңғартты: «Несін жасырайын, ережесіз жекпе жекке әуелгіде әке-шешеме салмақ салмай, табыс табу үшін өзімнен кейінгі бауырларымды жетілдіру мақсатында барсам да, бастысы-отандық мұрат пен  ұлт намысының  биік екендігін сезіндім. Әр сайыстан соң қарсыласыңды жеңіп, Қазақстанның Көк Туын аспанда желбіретуден артық қандай парыз, қандай міндет болуы мүмкін. Мен солай еттім деп ойлаймын»,–  дейді ол. –Жасөспірімдерді басқа бағытқа бұрып жіберетін алданыштар қазір өте көп, сондықтан әркім өзіне мықты болып, қызыл-жасылға алданбай, өмірлік мақсатына ұмтылғаны жөн. Ол үшін жастарымыз кітап оқып, ілгергідегі ұлт көсемдерінің өмір жолынан үлгі алып, табандылық танытуы шарт. Мәселен, Бауыржан Момышұлы атамыздың мемуарларынан өзім көп өнеге алдым, үнемі білгенімді осылай айтып жүремін,–дейді Ардақ Назаров. Ауыл әкімі Мейірхан Қазыбай мен мектеп директор Мұрат Көпешбаевтар ауыл тұрғындары атынан алғыс айтып, палуанға сый-сияпат көрсетті.
Жақаев ауылындағы күріш өсіру тарихы музейінің жұмысымен танысқан чемпион сонан соң Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаевпен де кездесіп, пікірлесті. Орталық мешітте жұма намазына қатысты. Ең қызықты да әсерлі кездесу «Салтанат сарайында» және аудандық мәдениет үйінде аудан спортшылары мен жастармен кездесу барысында өрбіді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 
Шиелі ауданы 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 мамыр 2017 г. 926 0