
Бейсенбі күні мұнай бағасы бес пайызға құлдырап — ОПЕК елдері мұнай өндіруді қысқарту жөнінде келісімге келуге мәжбүр болған былтырғы қараша айындағы деңгейге дейін жетті. Brent маркалы мұнайдың баррелі 48 доллар 38 центке дейін төмендеді. АҚШ өндіретін мұнайдың бағасы 45 доллар 48 центке дейін арзандаған.
Сарапшылар баға құлдыраудың себептерінің бірі Ливиядағы қарулы көтерілісшілердің бейбіт келіссөзге жетуі дейді. Себебі қақтығыс салдарынан мұнай өндірісінде жұмыс жиі тоқтап қалатын. Ливия ОПЕК-тің квотасынан алынып тасталған, сол себептен күніне бір жарым миллион баррелге дейін мұнай өндіре алады. Нигерия да мұнай өндіруді көбейтуге кедергі болып отырған саяси тұрақсыздықтан құтыламыз деп үміттенеді.
Мұнай бағасының түсуінің тағы бір себебі - Құрама Штаттардың мұнай өндіруді ұлғайтуы. АҚШ энергетика министрлігінің соңғы мәліметтеріне қарағанда, елде мұнай өндіру деңгейі көбейіп, қор әлдеқайда азайған. Мұның бәрі ОПЕК қол жеткізген келісімнен нәтиже шықпағанын көрсетеді дейді сарапшылар.
25 мамырда ОПЕК мүшелері тағы да Венада бас қосып, келіссөзді жыл соңына дейін ұзарту мәселесін қарамақшы.