
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Мұрат Даулетбахов БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Биылғы көктемде облыстан Қорғаныс министрлігіне қарасты қарулы күштерге және өзге де әскери құрылымдарға міндетті борышын өтеуге 800-ден аса азамат аттанады. Оның тең жарымы 14 команда құрамында аттандырылып, әскери борышын атқарып жүр. Жастарды әскерге шығарып салу іс-шарасы 25 наурыз бен 26 маусым аралығында жүреді. Және патриоттық рух беру мақсатында шығарып салу шаралары облыс орталығындағы тарихи орындарда, батырлар ескерткіштерінде өткізу дәстүрге айналған.

Полковник М.Дәулетбақовтың айтуынша облысқа қарасты аудандар мен Қызылорда қаласында әскер қатарына шақырылушылармен алдын-ала зерделеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде іріктеуден өткен 1411 азамат медициналық комиссиядан өтуде. Сонымен қатар, департамент бастығы 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күнін мерекелеуге қатысты жоспарланған жұмыстарға тоқталды. «Биыл ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Осы орайда «25 игі іс» тақырыбында отбасыларға арналған қайырымдылық шарасы ұйымдастырылмақ. Қос мереке қарсаңында облыстық филармонияда 8 мамыр күні «Ұлы Жеңіс – рух айбыны» атты мерекелік концерт өтеді. Ал, әскери қызметшілердің балалары арасында «Әскер балалар көзімен» тақырыбында сурет салу байқауы өтеді, - деді.
Бүгінде Сыр елінің сарбаздары әскери бөлімдерде Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып жүр. Оның дәлелі, басылымның осы нөміріндегі «25 үздік сарбаз» айдарынан біле аласыздар.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.