Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің басшылығы, Ардагерлер кеңесі, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы мен аудан әкімдігі Ұлы Отан соғысына қатысқан ішкі істер органдары ардагерлерін мерекелерімен құттықтады.
2017 жылғы 04 мамырда тәртіп сақшылары Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бержанов Махамбет пен Сақтағанов Дәуітбайдың және қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Қозыбаев Талғаттың шаңырағында болып, сый-құрмет көрсетті.
Ұлы Отан соғысының ардагері Бержанов Махамбет 1943 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылады. Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-ші атқыштар полкінде Чита облысында әскери борышын атқарып, 1945 жылы жапон соғысына қатысады.
Ішкі істер органдарына 1954 жылы кабылданып, Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген.
Ұлы Отан соғысы жылдарында «Жапонияны жеңгені үшін» I дәрежелі орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл» медальдарымен наградталып, «Үздік қызметі үшін» омыраулық белгісімен марапатталған. Бүгінде Бержанов Махамбет немере-шөбере сүйген ардақты ата. Ол тәрбиелеп өсірген 7 баладан 21 немере, 15 шөбере өрбіген. Ұлы Отан соғысы ардагері өздері сыйлаған егемен, тәуелсіз елде ұрпақтарының бақытты өмір сүретініне тәуба етеді.
Сонымен қатар, дәл осы күні полиция қызметкерлері Сақтағанов Дәуітбай ардагердің де үйінде болды. Ұлы Отан соғысының ардагері Сақтағанов Дәуітбай 1943-1948 жылдары Қызыл әскер қатарына шақырылып, 210 атқыштар дивизиясының 649-полкінде, онан соң №39 атқыштар дивизиясының 50-полкінде қатардағы жауынгер ретінде Жапониямен соғыста, Манчжурияны азат етуде болған шайқастарға қатысқан. Тереңөзек, Қармақшы аудандық милиция бөлімінде бақылаушы, №728 арнайы комендатурасы комендантының көмекшісі, оперативтік уәкіл, арнайы комендатура коменданты, аға тергеуші қызметтерін атқарған.
"Жапонияны жеңгені үшін" орденімен, І және ІІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" және т.б. медальдарымен, ОІІБ-нің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазіргі таңда ардагер 10 баладан 18 немере сүйіп, 7 шөберенің қолынан су ішіп отыр. Ол немере, шөберелеріне соғыс жайлы әңгімелер айтып, бейбітшіліктің әр күнін бағалау қажеттігін үндеп отыратынын жеткізді.
Қарт сарбаздар қонақтарға жеңістің қандай қиындықпен келгенін айтып, сұм соғыстың қасіреті жайында сыр шертті.
Қарулы қылмыскерді тоқтатып, көмек сұрап келген азаматтың өміріне араша түсу кезінде көрсеткен ерен ерлігі үшін учаскелік инспектор полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Қазіргі таңда Сырдария ауданының Мәлібаев ауылының бір көшесіне оның есімі беріліп, бұрын өзі оқыған № 135 орта мектебінің ауласында оған ескерткіш қойылып, сол мектептің бір сыныбына соның аты берілді
Ішкі істер органдарының ардагерлері және бейбіт елдің батыры Т.Қозыбаевтың ата-анасы полиция қызметкерлеріне көрсетіп жатқан құрметтері үшін ризашылығын, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, баталарын берді. Өз кезегінде тәртіп сақшылары осындай егемендікті, жарқын болашақты сыйлаған соғыс ардагерлерінің еңбегі зор екендігін ерекше атап өтіп, естелікке бағалы сыйлықтарын ұсынды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі