Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің қатысуымен брифинг өтті.
Онда банк басшысы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселесі бойынша жан-жақты мәлімет берді. Ол былтыр ҚДБ 225 млрд. теңгеге 19 жобаны қаржыландыруды мақұлдағанын,ал жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 426 млрд. теңгенің болғанын айтты.
Оның айтуынша, бұл рекордтық көрсеткіш. Есептік кезеңде тікелей несиелеу аясында Даму Банкі 277,5 млрд. теңгеге 14 инвестициялық жоба мен 10 экспорттық операцияны қаржыландырды. Мысалы, 2016 жылы Даму Банкі Ақтөбе қаласындағы рельс-арқалық зауытын салу, Қарағанды ЖЭО-3 кеңейту, Тараз қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының газ бөліп тарату желілерін жаңғырту сияқты ірі жобаларды қаржы бөлінді. Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында белгіленген экономиканың дәстүрлі базалық салаларын дамыту бойынша кешенді міндеттерді жүзеге асыру аясында ҚДБ Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен орнында сульфидті кенді қайта өңдейтін тау-кен байыту фабрикасы құрылысын қаржыландырды.
Сонымен бірге Болат Жәмішев биыл ҚДБ қаржыландыруға 346 млрд. теңгеге 6 жобаны мақұлдағанын, соның ішінде Астана халықаралық әуежайының жолаушы терминалын жөндеу маңызды жобалардың бірі болатынны атап өтті.
–Оған қоса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 102, 5 млрд. теңге сомаға 7 инвестициялық жоба мен 6 экспорттық операция қаржыландырылды. Жалпы, жыл соңына дейін 350 млрд теңгеге жуық сомаға жобаларды несиелеуді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. «Бәйтерек» холдингінің жаңа стратегиясына байланысты ел экономикасын дамытуда ҚДБ-ның рөлі артады. «Қазақстан Даму Банкі» АҚ инвестициялық жобаларды қаржыландыруды одан әрі жалғастыра береді, – деді Б. Жәмішев.