
Қуатты әскер – тәуелсіз елдің берік қалқаны. Қаһарлы, кез келген шабуылға қауқарлы армия жасақтай алған ел ғана егемендігін мәңгі сақтап қалмақ. Сондықтан болар еліміз өз алдына отау тіккен күннен бастап қорғаныс саласын нығайтуға барынша көңіл бөлді. Шекараның тыныштығын күзеткен ұландарымыз полигондарда дүркін-дүркін сынақтар жасап, әскери шерулерге қатысып, әскеріміздің қуатын паш етіп келеді. Биыл да Қарулы Күштеріміздің құрылғанына 25 жыл толуына орай Астанада әскери парад өткізілмек. 7 мамырға белгіленген ауқымды патриоттық шара қарсаңында Вaq.kz редакциясы бұған дейін өткен әскери парадтарға шолу жасауды жөн көріпті.
Тәуелсіз еліміздің тарихында 6 әскери парад өтті: 1992, 2005, 2009, 2011, 2014 және 2015 жылдары. Олардың барлығы тек қана мерекелік даталарға орайластырылды. Ал 2013 жылы Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында Отан қорғау күніне арналған алғашқы жауынгерлік парад өткізілді. Оған кейінірек жеке тоқталып өтеміз. Сонымен, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әскери парады 1992 жылы 7 мамырда Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы құрметіне өткізілді. Оған биыл 25 жыл толады. Ол кезде әскери парадты Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов қабылдаған еді.
Одан кейін бұл шара 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай 7 мамырда жалғасын тапты. Ал 2009 жылы Астанадағы «Қазақ елі монументі» жанындағы орталық алаңда өткен әскери парад Конституция күніне арналды. Оған Мемлекет басшысы, Жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Парадқа қорғаныс вице-министрі, генерал-майор Нұрлан Жоламанов басшылық етті. Президент халықты Конституция күнімен құттықтай келе, еліміздің жетістіктері туралы айтып, 2010 жылы Қазақ елі ЕҚЫҰ төрағалық ететінін еске салып өтті.
2011 жылы 30 тамызда Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Конституцияның 16 жылдығына байланысты Астанада алаш айбынын асырған тағы бір парад өтті. Шеруді Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағдат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жас барабаншылар ротасы бастады. Мұнан кейін Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының құрлық әскерлері және «Оңтүстік», «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жүріп өтті. Сондай-ақ зымыран және артиллерия есеп топтарының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы және Теңіз жаяу әскерлері сап түзеді. «Қара береттер» бригадасы мен Аэроұтқыр әскерлер, десантшылар да шеруге атсалысты. Бұл жолғы парадқа сонымен қатар мергендер жасағы мен әйел әскери қызметшілер қатысты. Тұтастай алғанда, шеруде жаяу және әскери техника, құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері, әскери теңізшілер, ішкі әскерлер мен шекара қызметінің, республикалық «Ұлан» мен Төтенше жағдайлар министрлігінің ең үздік құрамалары сап түзеді. 2500 сарбаз, 130-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ тартылды.
2013 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жауынгерлік парад өткізілді. Дала жағдайында ұйымдастырылған әскери шарада әр жауынгер өзінің шеберлігін іс жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, мұнда ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ жаңа техника мен қондырғылар да көптің назарына ұсынылды. Жауынгерлік парадқа еліміздің барлық әскери құрылымының өкілдері, нақтырақ айтқанда, 7 мыңнан астам әскери қызметші, 400-ден аса әскери техника, 80 шақты ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылды. Сондай-ақ, парад барысында «Казахстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның құрамына кіретін қазақстандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорнында шығарылған байланыс құралдары мен қару-жарақтары, жаңа және жаңартылған әскери техникалар көрсетілді.
Әскери, азаматтық және қосалқы міндет жүктелген арнайы техникалар, оның ішінде штабтық, жауынгерлік, медициналық, іздестіру-құтқару машиналары, радиожелілік стансалар, қар және батпақ үстімен жүре алатын «Тұлпар» техникасы, ЕС-145 тікұшақтары, ұшқышсыз ұшу аппараттарының түрлері таныстырылды.
Парадты ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы «Даңқ», «Айбын» және «Отанға қызметі үшін» ордендерінің иегері, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев басқарды.
Ал 2014 жылдың 7 мамыры күні Қарулы Күштердің құрылған күніне орай Астанада бұрын-соңды болмаған әскери шеру өтті. Мемлекеттік мәртебеге ие болған Отан қорғаушы күнінде 2 жарым мың сарбаз, 200-ден астам әскери техника мен ұшқыштар өз шеберлігін паш етті. Шеруді бірінші болып Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мектептің курсанттары бастады. Оның ізін Қорғаныс, Ішкі Істер, Төтенше жағдай, Шекара қызметі, Ұлттық гвардия мен жаңадан құрылған мемлекеттік Күзет қызметінің сарбаздары жалғастырып әкетті. Әсіресе көптің назары қыздардан жасақталған ротаға ерекше ауды.
Осыдан соң гүрілдеген техниканың даусынан құлақ тұнды. Себебі бұл сәтте алаңға танктер шыққан болатын. Кейін әскери техниканың сан түрі көрсетілді. Олардың арасында отандық зауыттарда құрастырылғандары бар. Ал көптің қызығушылығын туғызған авиация шоуы еді. Бұл күні Астана аспанында 75-тен астам ұшақ пен тікұшақ еркін қалықтады. Әуе шоуының соңында, ұшқыштар әуеде «Бәйтерек» монументі мен бәйшешек гүлін бейнеледі. Ал соңы отшашумен аяқталды.
Шеруді жіті бақылаған Мемлекет басшысы, Қарулы күштердің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы күштердің әзірлігіне жоғары баға берді. Өйткені парадқа қатысқан 2 жарым мыңнан астам сарбаз, 250 техника мен 75 ұшақ қазақ армиясының қуатын дәлелдеп беріп еді.
«Бүгінгі күні қасиетті жеріміз көкте де, суда да сенімді қорғалған. Ел армиясының бес қаруы сай. Әскери шеру осының дәлелі. Әскери доктринамыз бейбітшілік жағдайды қорғауға бағытталған. Көрші елдердің барлығымен достық қарым-қатынастамыз. Шекарамызды шегендеп, бекітіп алдық. Әскерилер мемлекеттік тұтастығын тыныштығын қауіпсізідігін сақтай алады», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
2015 жылы Астанада ҚР Президенті, Жоғары Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парад өтті. Бұл парадқа 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200 дана шамасында қару жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы тартылды. Сонымен қатар, ҚР Қарулы күштерінің техникасынан тыс, Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері де көрсетілді.
Парадтағы жаяу тізбектер шеруін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылары ротасы ашты. Олардың соңына ілесе Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери киім үлгісіндегі үш парадтық топ жүріп өтті. Салтанатты сапты ҚР Қорғаныс министрлігінің, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің офицерлерінен құралған парадтық топтар жалғастырды. Аэроұтқыр әскерлерінің, теңіз жаяу әскерлерінің, бітімгершілік күштерінің, арнайы мақсаттағы роталар, әскери қыз-келіншектерден құралған роталар, әскери полиция роталары да парадта сап түзеп өтті.
Тарихи әскери техникалардың тізбегін өздігінен жүріп өтетін Т-34 танкі, ЗиЛ-157 сүйреткен ЗИС-2 зеңбіректері және М-30 гаубицалары, аты аңызға айналған БИ13 РС-30 «Катюша» техникалары бастады. Сонымен қатар, «Максим» пулеметі, РПД (Дегтяреа қол пулеметі), ППШ (Шпагин тапанша-пулеметі) де парадқа қатысушылардың назарына ұсынылды.
Байқап отырсаңыздар, бұған дейінгі әскери парадтар құрылымы жағынан бір-біріне ұқсамаған. Егеменді Қазақстанның тарихында айрықша датаға, яғни, Қарулы Күштердің құрылуының 25 жылдығына тұспа-тұс келген алдағы әскери парадтың да өзіндік ерекшелігі бар. Тартылған жеке құрам мен әскери техниканың саны бойынша бұл шеру бұған дейінгілерден өзгеше болуы тиіс. Елордадағы Тәуелсіздік алаңында шамамен 30 жаяу әскер парадтық есептоп құрамында 5 000-нан аса әскери қызметші салтанатты маршпен адымдап өтеді деп жоспарлануда. Көзтартарлық шеруге 300-ге тарта бірлік әскери техника қатысады. Қазақстандық авиацияның көк аспандағы қуаты мен жауынгерлік әзірлігін еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің шамамен 80 бірлік авиациялық техникасы паш етеді. Бұл ретте қазақстандықтар алғаш рет өз көздерімен 2016 және 2017 жылдары әскеріміздің арсеналын толықтырған су жаңа әскери техниканы, заманауи қару-жарақ үлгілерін тамашалап, бағасын бере алады. Аталмыш іс-шараның негізгі түйіні әлі құпия ретінде сақталуда. Алайда, Қарулы Күштерде әскери қызметшілерді іріктеу және техниканы дайындау басталып та кетті. Әскери парад мерекелік көң-күй сыйлап қана қоймай, төл әскеріміздің жауынгерлік қуатын, еліміз бен халқымыздың егемендігі мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін көрсетеді.
Baq.kz