Сазгерлер әнмен тербеткен күн

Сазгерлер  әнмен тербеткен күнҚасиетті Қазалы жері қазақтың қай өнері болмасын қаймағы бұзылмай сақталып келе жатқан киелі топырақ. Сол өлмес мұраларымыздың бірі – сазгерлік өнер. Қорқыт Ата, Мырза, Жолдыбай, Кеңес Дүйсекеевтер туған мекенде қазіргі таңда  еңбек етіп жатқан сазгерлер баршылық. Осындай туған жерден түлеген жергілікті сазгерлердің өнерін насихаттау мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауы, Ақсуат ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Саз бен сазгер» атты аудандық сазгерлер байқауы өткізілді. 
Шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жүсіпов Толыбай Бәлдірұлы ашып, қазақ өнері мен мәдениетінің ардақты есімдерінің ордасы болған киелі өңір жайында сыр шертіп, Майлыбас ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Талған Серікбаев үміткерлерге сәттілік тіледі.
Сайысқа аудан бойынша 15-ке жуық сазгерлер қатысты. Байқау барысында шырқалған туған жер еркін тақырыптағы әндер  халық көңілін бір серпілтіп тастады. Сынға түскен сазгерлердің өнеріне баға беру үшін құрылған қазылар алқасының құрамында Қазақстан республикасының Мәдениет саласының үздігі, аудандық оқушылар үйінің директоры, күйші Арман Әуез, «Атамұра» халықтық ардагерлер ансамблінің мүшесі, ардагер ұстаз, сазгер Нұрмаш Алғашбаев,  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Бекзат Қазиқызы болды. 
Байқаудың қорытындысымен Қазалы қаласының намысын қорғаған  Жұмабек Құлбаев бас жүлдені жеңіп алса, «Жанқожа батыр», «Сені іздедім» әндерін халыққа ұсынған ақсуаттық сазгер Алтай Үсенов бірінші орынды иеленді. Екінші орынды бекарыстандық сазгер Бектұрған Жібекәлі мен Әйтеке би кентінен қатысқан сазгер Рахымжан Мақсатбаев, ал үшінші орынға Лақалы ауылынан сынға түскен Әділхан Мақсатбаев пен бозкөлдік сазгер Жұмабек Жансапов табан тіреді. 


Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 мамыр 2017 г. 643 0