«Бірлігі бекем ел озады». Осынау қағиданы тұтынған қазалылықтар Бірлік күнін ұйымщылдықпен атап өтті. Аталмыш мереке аясында аудан тұрғындары түрлі ұлт өкілдері ұйымдастырған концерттік шараны тамашалап, көптеген игі істерге куә болды.
Жұртшылықты мерекемен құттықтаған аудан әкімі Нажмадин Шамұратов «Бірлік – берекеге, береке – мерекеге жеткізеді» дейді халық даналығы. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. 130-дан аса ұлт өкілдері ынтымағы жарасқан Қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жаңғыртуда. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып берді. Жоба атажұртын, кіндік қаны тамған жерін сүйетін әр азаматтың көңілін жылылыққа толтырады» деді тебіреніспен.
Мұнан соң Қазалы аспанын шарықтата салған әсем ән, күмбірлете төгілген күй кернеді. Достығы жарасқан сан ұлт өкілдерінің ұлтық тағамдары дайындалып, билері биленді. Бейбітшілік жаршысындай көгершіндер мен тілектер жазылған шарлар көкке ұшырылды.
Айта кетерлігі, Қазалы ауданында 13 түрлі этнос өкілдері өмір сүреді. Олар түрлі салада еңбек етіп, елдің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып жүр. Мереке Қазалы қаласында да кең тұрғыда ұйымдастырылды.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.