«Парыз» және «Еңбек жолы» байқауларына өтiнiм қабылдау басталды

«Парыз» және «Еңбек жолы» байқауларына өтiнiм қабылдау басталдыЕлiмiзде бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi «Парыз» және еңбек әулеттерi мен өндiрiс еңбеккерлерi арасындағы «Еңбек жолы» байқауларына қатысуға өтiнiм қабылдау басталды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Бiржан Нұрымбетов ведомствода өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Биыл «Парыз» байқауы оныншы рет ұйымдастырылады. Сондықтан, шараның ерекше маңызын ескере отырып, оны «Парыз - табыстың 10 жылы» тақырыбында өткiзбекпiз. Аталған байқау iрi, орта және шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi арасында «Үздiк әлеуметтiк жауапты кәсiпорын», «Еңбек қорғау саласындағы үздiк кәспорын», «Үздiк ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесi үшiн» аталымдары бойынша өтедi», - дедi Нұрымбетов.
Вице-министрдiң айтуынша, байқауды өткiзген жылдары, яғни 2008-2016 жылдары оған елдiң барлық өңiрiнен 4 мыңнан астам кәсiпорын қатысқан.
«Бiздi отандық бизнес қауымдастықта әлеуметтiк жауапкершiлiк түсiнiгi қанат жайып келетiндiгi қуантады. Сондай-ақ елiмiзде кәсiпорын қызметiнiң сәттi болуына қарапайым еңбек адамдарының да қосар үлесi зор. Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын насихаттау мақсатында бiздiң министрлiк былтырдан берi еңбек әулеттерi мен өндiрiс еңбеккерлерi арасындағы «Еңбек жолы» республикалық байқауын тағайындады. Байқау үш аталымнан тұрады. Үмiткерлерден өтiнiм биылғы жылдың 20 мамырында қабылдана бастайды. Марапаттау рәсiмi Еңбек күнiне орайластырған өңiрлiк еңбек форумдарында және қазан айында «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» республикалық форумында өтедi. Биылғы байқауларымыздың өткен жылдардағыдан ерекшелiгi - онлайн дауыс берудiң болуы», - дейдi Б.Нұрымбетов.
Атап өтсек, елiмiзде Еңбек күнi қыркүйек айының соңғы жексенбiсiне бекiтiлген. Ал «Парыз» сыйлығын табыстау рәсiмi жыл сайын Елбасының қатысуымен өтедi.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 мамыр 2017 г. 555 0