
Облыс әкімінің қолдауымен, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 2017 жылдың 27 сәуір – 3 мамыр аралығында Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай «Жайнай бер, Қызылорда» атты республикалық суретшілер симпозиумы өтуде.
Симпозиумға Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Қарағанды, Өскемен, Орал қалаларынан Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшелері, академик Баянов Ғани, Жұбаниязов Өмірбек, Шоранов Өсербай, Хайдаров Мәлік, Бүрдесбеков Бақытнұр, Бәйтенов Мәжит, Нәтбаев Жамбыл, Нүргер Динара, Оразғалиев Каир, Нұрсадықов Құдаш, Мәжібаев Сейіт, Палымбетов Ерғали, Беликова Лилия, сонымен қатар өңірлік-жергілікті суретшілеріміз Ағытаев Иассауи, Кененбаев Амангелді, Ембергенов Қуаныш, Шегебаев Рахым, Саменов Шәкірбек, аралдық Бөкешов Берік, сынды Қазақстанға танымал қылқалам шеберлері, сондай-ақ, жас талантты суретшілеріміз Закиров Аққали, Айтбаев Дулат, Сейткеримова Айнұр қатысуда. Бейнелеу өнерінің түрлі жанры бойынша салынған жаңа туындыларымен бөлісіп, өз шеберліктері мен қабілеттерін шыңдауда.
Аталмыш симпозиумның ашылу салтанаты Көркемсурет галереясында 27 сәуір күні өтті. Шығармашылық топ өкілдері өздерінің пленэрлік жұмыстарын Қорқыт ата кешенінде бастап, одан әрі жұмыстарын Қаратау жоталарында және Қызылорда қаласында жалғастыруда. Сонымен қатар суретшілеріміз қаламыздың көрікті жерлерінде жастарға мастер-класстар өткізуде.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген суретшілер Ұлы даланың қанық бояуларын танытып, Сырдың көрікті келбетін ашып, қазақ халқының өрлігін сездіре білді.
Өнер тұлғаларының өзара мәдени байланыс жасау, суретшілердің шеберліктерін шыңдау және тәжірибе алмасуға бағытталған бұл симпозиум суретшілердің шабыт биігіне айналды. Симпозиумға барлығы 25 суретші қатысты.
Республикалық симпозиум көрмесі 3 мамыр күні сағат 15:00-де Көркемсурет галереясында өтеді.