М.Жайымбетов: «Нұрлы жер» 15 жылда бәріңізді баспанамен қамтиды

М.Жайымбетов: «Нұрлы жер» 15 жылда бәріңізді баспанамен қамтиды«Өз үйім – өлең төсегім» дейтін әр адам үшін өзіне тиесілі тұрғын үйдің болуы басты мәселе екені белгілі. Әсіресе, уақыт талабына сай қарқынды дамып келе жатқан еліміздің ірі қалаларында баспаналы болу – көпшіліктің арманы. Халықтың баспанаға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, көптеген шаралар атқарылып келеді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданып, аталған мәселені шешуде кешенді шаралар қолға алынғанын жұрт жаппай білуі тиіс. Осыған орай, ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтен тұрғын үй құрылысының қазіргі қарқынын және баспанаға қол жеткізудің жолдары мен талаптары туралы сұраған едік.
- Мархабат Жайымбетұлы, әңгімемізді «Нұрлы жер» бағдарламасынан бастасақ. «Нұрлы жердің» бұған дейінгі бағдарламалардан ерекшелігі қандай? Негізгі міндеттеріне толығырақ тоқталсаңыз?
- Биыл тұрғын үй құрылысының барлық мәселелері ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы № 922 қаулысымен бекітілген жаңа «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына біріктірілді.
«Нұрлы жер» бағдарламасының бұған дейінгі бағдарламалардан ерекшелігі – тұрғын үй құрылысына қатысты барлық мәселелер бір бағдарлама аясына топтастырылды. Яғни, тұрғын үйге қатысты барлық мәселені осы бағдарлама аясында кешенді шешу қолға алынды. Ол көп қабатты үйден бастап, жеке тұрғын үйлер салу мәселесі, жер учаскелеріне коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, жер учаскелерін бөлу және т.б. мәселелер осы бағдарлама аясында қаралады.
Бағдарлама аясында 15 жылда 1,5 млн отбасын баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жеке тұрғын үй салу, ипотека алу, жалға берілетін үй, жер учаскелері және тағы басқа көптеген мәселелер осы бағдарлама аясында оң шешімін табатын болады.
Бағдарлама 2017 – 2031 жылдар аралығында жүзеге асырылып, еліздегі баспанаға мұқтаж жандардың мәселелерін негізгі алты міндетті іске асыру арқылы шешуді көздейді.
Бірінші, ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру;
Екінші, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру;
Үшінші, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу;
Төртінші, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру;
Бесінші, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту;
Алтыншы, халықты жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үйлермен қамтамасыз ету.
- Тұрғын үйге қатысты барлық мәселенің бір бағдарламаға топтасқаны жақсы болған екен. Ендігі мәселе, биылғы жылға қандай жоспарлар жасалды және алғашқы тоқсанда қол жеткізген нәтижелер қандай?
- 2017 жыл жақсы көрсеткіштермен басталды деуге болады. Биыл 10,2 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ол, шамамен 99 мың пәтер болады.
Биылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы алаңы 3,1 млн шаршы метр болатын тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тапсырылды. Ол былтырғы жылдың осы кезеңдегі көрсеткішінен 25,3%-ға артық. Сондай-ақ, жылдық жоспардың жалпы көлемінің 30 пайызын құрап отыр.
- Жақсы көрсеткіш екен. Дегенмен, оқырманға түсінікті болуы үшін, осы цифрларды талдап, тұрғын үй шаршы метрлерінің санаттарына қарай бөліп көрсетуге бола ма?
- Әрине. Биыл республика бойынша барлығы 25230 баспана пайдалануға берілді. Оның ішінде, 7701 жеке тұрғын үй салынды. Бұл дегеніміз 1 344 мың шаршы метр және негізгі енгізілген тұрғын үй көлемінің 43 пайызы деуге болады. Және салынған көпқабатты үйлерден жалпы көлемі 1 762 мың шаршы метрді құрайтын 17 529 пәтер берілді. Бұл негізгі енгізілген тұрғын үй көлемінің 57 пайызына тең. Сондай-ақ, мемлекеттік жеке меншік формадағы кәсіпорындар мен мекемелер тарапынан 155 мың шаршы метр тұрғын үй берілді, оның ішінде бағдарламаның шеңберінде 130,6 мың шаршы метрлік 1951 пәтер бар.
- Сіз атаған тұрғын үй құрылысына қанша қаражат қарастырылды?
- «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру үшін барлығы 426,3 млрд. теңге қаражат көзделген.
Оның 149,3 млрд теңгесі мемлекеттік инвестицияны құрайды.
25 млрд теңгесі – сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына;
10 млрд теңгесі – ипотекалық қарыздарды субсидиялауға;
11 млрд теңгесі – жеке құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялауға;
83,5 млрд теңгесі – инженерлік инфрақұрылымға;
8 млрд теңгесі – Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларын несиелендіруге;
10 млрд теңгесі – «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ-на бөлуге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 1,7 млрд теңге жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салу үшін әкімдіктерге трансферттерге берілсе, 100 млн теңге жеке тұрғын үй бойынша үлгілік жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін қарастырылған. Бағдарлама бойынша әкімдіктер бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылады. Ол шамамен 277 млрд. теңге болмақ. Бұл қаржы – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қоржынынан алынады.
- Азаматтарымыздың игілігі үшін ел қазынасынан үлкен қаржының бөлінгені көрініп тұр. Енді осынша қаржыны ұқсатып жұмсауды айтсаңызшы... «Алмақтың да салмағы бар» дегендей бұл соманың игерілуі туралы және жоғарыда атаған міндеттер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берсеңіз?
- Бірінші және екінші міндеттерде ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру және жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру қарастырылған. Қаржыландыру жоспарына сәйкес қаражатты аудару биыл сәуір айынан бастап жүзеге асады. Өз кезегінде қаржы агенттері («ҚИК» ИҰ» АҚ және «Даму» КДҚ» АҚ – ред.) екінші деңгейлі банктермен субсидиялау келісімдердің жобасын пысықтап жатыр. Үшінші міндетте тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы берілетін несиелік тұрғын үй салу. «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 2017 жылдан бастап 2016 жылы Ұлттық қордан несиелік тұрғын үй құрылысына бөлінген 277 млрд. теңге қаражатты қайта бағыттау көзделіп отыр. Төртінші міндет бойынша 2017 жылы 150 мың ш.м (2687 пәтер) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 25 млрд. теңге қарастырылды және өңірлерге 1,5 млрд. тенгеден бөлінбек. Жалпы, 2017-2019 жылдары 311,3 мың ш.м тұрғын үйді (5936 пәтер) пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бесінші міндет бойынша бүгінгі күні жеке тұрғын үй құрылысының үлгілік жобалары үшін 7 типтік жоба әзірленіп жатыр. Биыл Ақтөбе және Солтүстік-Қазақстан облыстарында жеке тұрғын үй құрылысының үлгілік жобалары іске асырылатын болады. Ал, алтыншы міндет негізінен бұдан бұрын басталған құрылыс жұмыстарын 2018 жылға дейін толық көлемде аяқтауды көздейді. Бұл - халықты жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үйлермен қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін коммуналдық тұрғын үй құрылысына 2017 жылы республикалық бюджеттен 596,9 млн теңге қарастырылды.
Жас отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына биыл республикалық бюджеттен 1113,97 млн теңге бөлінген болатын. Қаржыландыру жоспарына сәйкес 200,0 млн теңге аударылып, 100% игерілді. «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық Ұйымы» АҚ мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы да жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үй құрылыстары бойынша келісімдер жасалды. Осы тұста тағы бір айта кететін жайт, биыл жалпы алаңы 300,4 мың шаршы метр болатын жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Былайша айтқанда, бұл – 5115 пәтер.
Baq.kz
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 сәуір 2017 г. 559 0