
Талдықорғанда Мұқан Төлебаев атындағы республикалық байқау мәресіне жетті. Вокалист әншілер мен дирижерлар бақ сынасқан додада бас жүлдені Астана қаласы мен Қызылорда облысының өнерпаздары қанжығалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алтын таяқша» дирижерлар байқауында Гран-приді астаналық Ернар Нұртазин жеңіп алды. «Менің бірінші мамандығым пианист. Бұған дейін фортепьянода ойнап, көптеген байқаулардың жеңімпазы атанғанмын. Ал дирижер екінші мамандығым. Дирижерлық қырымнан бағымды осымен екінші рет сынап тұрмын. Алғаш рет Астана қаласында өткен Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» байқауында бірінші орын алдым. Бүгінгі байқауда бас жүлде бұйырды. Сондықтан мен өз таңдауымды дұрыс жасадым деп ойлаймын»,- дейді 29 жастағы Ернар Нұртазин.
Ал вокалистер арасында өткен «Кестелі орамал» байқауының бас жүлдесі Қызылордалық Мәлік Азатқа бұйырды. «Кестелі орамал» және «Алтын таяқша» байқауының Гран-при иегерлері арнайы дипломмен марапатталып, 600 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ вокалистер арасында бірінші орын астаналық Тыныштық Шахризадаға (жүлде қоры 400 мың теңге), екінші орын алматылық Жармағамбетов Расул және Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жұмабек Қаңтарбаевқа (жүлде қоры 100 мың теңге), ал үшінші орын павлодарлық Нұрсұлтан Сабиров, астаналық Жадыра Абдуллаева және Алматы облысының тұрғыны Жомарт Такебаевқа бұйырды. (жүлде қоры 50 мың теңге). Ал дирижерлар арасында бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының өнерпазы Қуаныш Исмаилов қанжығалады. Жеңімпаз арнайы дипломмен марапатталып, 400 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды. Екінші орын Алматы қаласының қос өнерпазы Мадияр Тойболдиев пен Абылай Тілепбергеновқа бұйырды (жүлде қоры 100 мың теңге). Үшінші орынды маңғыстаулық Әлібек Мұратов пен алматылық Айдос Мендалиев жеңіп алды (жүлде қоры 50 мың теңге). Сондай-ақ байқауда 20 мың теңгенің арнайы жүлдесі бес адамға табыс етілді. Айта кетейік, Жетісудың тумасы, КСРО Халық әртісі, композитор Мұқан Төлебаев атындағы республикалық байқау осымен 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Вокалист әншілер мен дирижерлар бақ сынасқан додада еліміздің түкпір-түкпірінен 40-қа жуық өнерпаз қатысты. Шараның басты мақсаты үлкен оркестрді басқаратын дирижерларды іріктеп, оларды жан-жақты демеу. Сондай-ақ осындай оркестрдің сүйемелдеуімен орындайтын әншілерге жігер беру.
Алматы облысы әкімінің тікелей қолдауымен өтіп жатқан байқаудың деңгейі жылдан-жылға артып келеді дейді, ұйымдастырушылар. Бұл жолы өнерпаздарды бағалайтын қазылар алқасына халықаралық деңгейдегі білікті мамандар шақырылды. Қазылар алқасының мүшелігінде Өзбекстан Республикасының халық әртісі, профессор, дирижер Фарух Сыдықов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, дирижер Әли Алпысбаев және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзов сынды музыка саласының майталмандары бар.