ЖЕРГІЛІКТІ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР ҚАТАРЫ АРТТЫ

ЖЕРГІЛІКТІ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР ҚАТАРЫ АРТТЫОблыстық кәсіпкерлер палатасында жергілікті кәсіп¬керлердің қатысуымен ҚР Президентiнiң «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы ережелерін тү¬сіндіруге арналған семинар өтті. Басқосуда «Атаме¬кен» Ұлттық кәсіпкерлер па¬латасының Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті дирек¬торы¬ның орынбасары Салтанат Абдикаримова мен республикалық көрме-байқауын өткізу тәртібі мен бағалау әдістерін түсіндіруге мамандандырылған арнайы өкіл, «Интерсерт» ЖШС қыз¬меткері Виктор Ким жиынның маңыздылығына тоқталды. 
– Биылғы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы «EXPO - 2017» шарасы аясында тамыз айында өткізіледі деп жоспарлануда. Біздің отандық ¬тауар өндірушілерімізге шет елден келетін туристердің, іскер азаматтардың назарын аудартпақпыз. Осылайша, республикалық көрмеге еліміздің барлық облыстарынан келетін тауар өндірушілер өздеріне серіктестер тауып, байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік туады деп сенеміз, – деді С.Абдикаримова.
Мұнан соң облыстық кәсіп¬керлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова аймақта аталған байқауға қатысушылар санының артып келе жатқанын жеткізді. 
– Сыр елінде «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысушы¬лар саны жыл сайын артып келеді. Қазір жергілікті кәсіпкерлер осындай шаралар арқылы сенімді серіктестер табуға болатынына көздері жетіп, белсенділік танытуда. Мәселен, биылғы өңірлік байқауға бүгінге дейін 30-дан астам кәсіпкер қатысуға ниет білдірді. 1-мамырға дейін бұл көрсеткіш алға жылжиды, –  дейді Г.Таңатова. 
Айта кетейік, облыстық кәсіп¬керлер палатасы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қа¬зақстанның үздік тауары» көрме-байқауының ережесін жариялаған болатын. Байқауға заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер қатыса алады. «Алтын сапа» сыйлығы бойынша қатысушылар комиссияға кемiнде үш жыл iшiнде шығарылатын өнiмнiң немесе көрсетiлетiн қыз¬меттiң жоғары сапасын растауы тиiс. Үміткерлер байқауға «Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын», «Халық тұтынатын ¬тауарларды шы¬ғаратын үздiк кәсiпорын» және «Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын» номинациясы бойынша қатыса алады. Сондай-ақ, әр номинация бойынша шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектісі санаттары бойынша сыйлық беріледі. Ал, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Ха¬лық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары  сияқты үш номинация бойынша жүргізіледі.
«Қазақстанның үздік тауары» облыстық көрме-бай¬қауына құжаттар 1-мамырға дейін, ал «Алтын сапа» сыйлығына құжаттар 1-шілдеге дейін қабылданады. 
«Алтын сапа» және «Қа¬зақстанның үздік тауары» рес¬пуб¬ликалық көрме-байқаулары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. «Атамекен» ҰКП шараны биыл үшінші рет ұйымдастыруда. Дәстүрлі байқаулар – отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында мемлекетімізде жасалып жатқан бірден-бір үлкен шара.  Жыл сайын біздің өңірден де жергілікті тауар өндірушілер қатысып, жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Өткен жылы аймақта ұйымдастырылған шараға 30-ға жуық кәсіпкер қа¬тысқан болатын. Үш номинация бойынша ұйымдастырылған байқауда бірінші дәрежелі дипломмен «Кемикал» Қазақстан Мұнай химиясы Компаниясы» ЖШС, ЖК «Құрбанбаев», «Сыр маржаны» ЖШС марапатталса, екінші дәрежелі дипломға «NP-Consulting» ЖШС, ЖК «Тұрғынбаев Табиғат», «Браунис-Қазақстан» ЖШС ие болды. Ал үшінші дәрежелі дипломға ЖК «МСК», ЖК «Жұмашева Индира», ЖК «Сабыр Ермаханов» лайық деп танылған болатын.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 сәуір 2017 г. 480 0