Кеше облыс орталығында «Ұлтаралық татулықпен болашаққа нық қадам» тақы¬рыбында тағылымды іс-шара өтті. Тарих пен тәрбиені ұштастырған шараға облыстағы этномәдени орталықтардың өкіл¬дері, архив қызметкерлері, оқушылар, студенттер қатысты.
Татулық пен бейбітшілік бесігіндей даламызда талай ұлттың талайлы тағдыры бар. 1925 жылы Еуропадан австриялық эмигранттар келді. Одан беріде 31-ші жылдары корей халқының бір бөлігі Сыр бойына қоныстанды. Соғыс басталған алғашқы айдың өзінде Қызылордаға майдан ортасынан 10 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Күштеп жер аударылған поляк, украин, румын, сыған, серб, татар, чуваш ұлттарынан 30 мыңнан астам адам Сыр еліне табан тіреген. Мұның бар¬лығы мұрағат құжаттарында қаттаулы тұр. Әрине, қазақ жұрты түрі басқа болса да, тілегі бір ағайынды құшақ жая қарсы алып, бауырына басты. Бүтінін бөліп, жартысын жарып берді. Іс-шарада осынау тарихи, құнды мәліметтер ортаға салынды. Жиынды жүргізген облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағат басқармасының басшысы Ержан Әбдірахманов қазақ еліндегі тыныштық пен татулықты Елбасының сарабдал саясатымен байланыстыра отырып, жуырда жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын тілге тиек етті.
Жиында облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Ержан Уәйіс баяндама жасап, қазақ елінің өркендеуіндегі өзге ұлттардың ерен еңбегіне айрықша тоқталды. Бұл орайда кезінде Шиелі ауданына корей ұлты өкілдерінің көптеп қоныстанғандығын, сол ауданнан шыққан 41 Социалистік Еңбек ерінің 17-сі корей ұлтынан екендігін атап өтті. Сондай-ақ, баяндамашы Қазақстанның әлемге бейбіт те берекелі өмірге құштар ел ретінде танылып, мұны барша әлем жұрты мойындайтындығына баса назар аударды. Айталық, жыл сайын әлемдегі дін басшылары Астана төрінде бас қосады.
– Елбасымыз туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмінде, өздеріңіз білетіндей, Шамалған ауылына келген болгарларды бала Нұрсұлтанның үйі де паналатты, қамқорлық танытты. Құшағы кең қазақ төрі¬нен орын берді, туысқан болды. Бүгінгі күні бұл қасиетіміз өміршеңдігін көрсетіп отыр. Қазақстандағы 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде, – деді Ержан Уәйіс.
Іс-шарада, сондай-ақ, облыстың қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлшат Ахметова құнды деректерімен бөлісті. Оның айтуынша, аталған мекемеде 107 азаматтың құжаты сақталған. Оның 20-сы өзге ұлт өкілдеріне қатысты. Бұл құжаттар өткенді танып, келешекті бағдарлау үшін, жас ұрпақты патриоттық тәрбиемен сусындату үшін аса қажет. Шара аясында бұл құжаттардың дені арнайы көрме шеңберінде көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, шарада татар этно-мәдени орталығының өкілі С.Валиуллина, қалалық архив басшысы Ж.Байғараевалар баяндама жасап, өз пікірлерін ортаға салды.
Н.САҚТАПБЕРГЕН.