ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫТәуелсіз мемлекеттер достастығы басшыларының ұсынысы бойынша 26 сәуір – радиациялық авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алу күні. Олар өмірлерін, денсаулықтарын пида етіп, өз борыштарын орындады. Жергілікті тұрғындарды радиацияның зиянды әсерінен қорғады, әрі қарай таралуына тосқауыл болды.
Чернобыль атом станциясының жарылыс орын алғанына биыл 31 жыл толып отыр. Осыған орай, «Тағзым» алаңындағы Ауған, Невада-Семей, Чернобыль құрбандарына арналған ескерткіш маңында еске алу митингісі өтті. Шарада қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуаныш Жанұзақов сөз сөйлеп, Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан ардагерлерді мен қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Шарада қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмабек Шахатов апат салдарын жоюға қатысқан жауынгерлердің ерлігі мен жігерін атап өтті.
– Осыдан 31 жыл бұрын 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алды. Алайда, оның зардаптары әлі күнге дейін толастаған жоқ. Өздерін құрбан ете отырып, апаттың зардабын жоюға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандық қатысты. Ал Қызылорда қаласынан 480 азамат көмекке барып, бүгінде ортамызда олардың 143-і ғана қалды. Барлығы І, ІІ топ мүгедектері. Орталық оларды қажетті көмектермен қамтамасыз етіп келеді, – деді ол.
– Бүгінгі шараға Қармақшы ауданынан келіп отырмын. Апатты жоюға Қармақшы ауданынан 30-ға жуық жастар барып, борышымызды өтеп қайттық. Елімізде мұндай қасірет болмасын. Кейінгі ұрпақ елін, ұлттық намысын, салт-дәстүрін қорғайтын азаматтар болып өссін. Зұлмат дәуір қайталанбасын. Бүгінде екінші топтағы мүгедекпін. Жыл сайын сауықтыру шараларынан өтіп тұрамын, – деді Чернобыль ардагері Марат Үсенов.
Шара соңында жарқын болашақ үшін жасампаз қадам жасап, елі үшін ауыр қасірет азабынан қаза тапқан азаматтарға құран бағышталды.

Шынар БЕКБАН.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 сәуір 2017 г. 540 0