Үй алып берем деп 20 млн. теңге жымқырған қала тұрғыны сотталды

Үй алып берем деп 20 млн. теңге жымқырған қала тұрғыны сотталдыҚызылордада жұртты алдап, алаяқтықпен 20 млн. теңге жинаған қала тұрғыны істі болды,-деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық сотқа сілтеме жасап.
Алаяқ әуелде «Арай-2» мөлтек ауданынан салынып жатқан көпқабатты үйлерден 2-бөлмелі пәтер алып беремін деп жәбірленушіден 500 000 теңгесін алады. Осыдан кейін қалалық әкімшілікте жұмыс істейтін танысы арқылы көпқабатты үйлерден 2 бөлмелі пәтер алып беремін деп тағы бір тұрғыннан 723 000 теңге алған. Сотта алаяқтың 30 адамнан барлығы 20 млн-нан астам теңгені алдап алып, олардың қаражаттарын қайтармай бас пайдасына жаратқаны анықталды.
Осы қылмыстық іс бойынша Қызылорда қалалық №2 сотының судьясы Д.Әлиев БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Оның айтуынша, сотталушы Қазақстан Республикасы ҚК 190 бабының, 3 бөлігінің, 1 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленген және оған 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының Заңының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы № 27-VІ ҚРЗ 4 бабы, 1 бөлігі, 2 тармағына сәйкес, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің жартысын қысқартып, түпкілікті мүлкін тәркілеп, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу белгіленді», - дейді Д.Әлиев.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 сәуір 2017 г. 613 0